#qyzylordatv
Қызылордада өткен 5-ші ұлттық құрылтайда Ел Президенті конституциялық реформалардың негізгі бағыттарын атап өтті. Парламент ендігәрі Құрылтай деп аталмақ. Вице-президент лауазымы пайда болмақ. Конституция өзгермек. Қоғамдық кеңес институтының құзыреті күшеймек. Ел өміріндегі маңызды мәселелер бойынша тілшіміз тарқатсын
Қызылордадағы бұл 5-ші құрылтай шын мәнінде ел жадында қалатын оқиға болғалы тұр. Құрылтай атауы енді Парламентке берілмек. Осылайша ұлттық құрылтай тарих қойнауына енбек. Жалпы, Ұлттық құрылтай осы кезге дейін нендей тірлік атқарды ?
Мемлекет басшысы қазақстандық қоғам үшін маңызды өзгерістерді атап өтті. Оның алдында Сыр өңірі туралы өз пайымын да ортаға салды. «Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Мен Сыр елі жұртшылығының бойынан туған жерге деген сүйіспеншілікті, қамқорлық пен жанашырлықты, нағыз отаншылдықты көремін. Облыс орталығымен қатар, әр ауылдың тазалығы көз тартады», - деді.
Мұны құрылтай мүшелері де тілге тиек етті.
Қызылордаға келіп тұрып, Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес. Оның тағдыры әркез назарда. Алдағы сәуірде Астанада Халықаралық экология саммиті өтеді. Жиында Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларымен Арал мәселесін талқылаймыз. Кіші Аралдың қалпына келуі бүкіл Сыр өңірін одан әрі көркейтуге жол ашады деп үміттенеміз, - деді Мемлекет басшысы. Бұл әрине, жерлестер көңілін демдейтін дүние.
Ал, енді Президент атап өткен саяси процестердегі өзгерістерді халық күтіп отырғаны рас. Парламент ықшамдалып, Құрылтай болад, Қазақстан халқы ассамблеясы халық кеңесінің құрамына енбек, тағысы тағы бар, жаңашылдықтар туралы спикерлер саралап, өз ой-ұстанымдарын да қоса білдірді.
Бұл қадамдарға Президент неге барып отыр? Мән-маңызы қандай дегенге келсек, спикер Ерлан Саиров былай деп пайымдайды:
Парламент сынды саяси орган барлық мемлекетте бар. Германияда ол Бундестаг, Польшада Сейм, Израйльде Кнессет, АҚШ-та Конгресс, Франция мен Арменияда Ұлттық жиын деп аталады. Қазақстанда парламент Құрылтай атануы шын мәнінде ұлттық колоритке сай, жүрекке жылы қабылданад
Болашаққа бағдар жасап, жоспар құрғанда өмірге шынайы көзқараспен қараған жөн. Бірлігімізді бекемдеп, білек сыбанып, іске кірісу керек. Келесі Парламентіміз халқымыздың ұлттық санасында өзіндік орны бар ұғым, атына заты сай Құрылтай сөзімен аталса, мұны жақсы ырымға балауға болады деп сенемін деп түйіндеді өз сөзін Мемлекет басшысы. Лайым солай болғай. Иә, осылайша Қызылордадағы алқалы отырыс ұлттық құрылтайды саяси өзгерістермен сабақтады.