#qyzylordatv
«Телефонға телмірген жеткіншектердің ойлау қабілетінде тежеу бар. Оның үстіне, жасөспірімдердің аналитикалық дағдысы дамымай жатыр. Ұлттық құрылтай отырысында осылай деген Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв онлайн платформаларды шектеу туралы ұсыныс айтты. Бұл бастаманы ата-аналар қалай қабылдайды, ал жасөспірімдер ше? Сұрақтарға әріптесім Елдос Асан жауап іздеп көрді.
Иә, алғашында аз-аздан желіде отырған бала бара-бара виртуалды өмірге тәуелді болуда. Сол, тәуелділіктің түбі жасөпірімдердің ойлау қабілетін тежеп жатыр. Ал, ойсыздық оқушыны орға жығатыны анық. Балалардың болашағына алаңдаған Мәжіліс депутаты Ұлттық құрылтай мінберінде мынандай ұсыныс айтты.
СЕРГЕЙ ПОНОМАРЁВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ // Халықаралық тәжірибеге де назар аударғым келеді. Кейбір елдерде 14 жасқа дейінгі, тіпті кей жерлерде 16 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер үшін әлеуметтік желілерге қолжетімділік шектелген. Мұнда әңгіме тыйым салу емес, цифрлық дәуірде ойлау қабілетін, талдау жасау дағдысын, тірі диалогты және кемел тұлғаны қалыптастыруды қорғау туралы болып отыр.
Бұған қызылордалықтар не дейді?
Айта кетейік, түйіткілді тақырып осыған дейін де мәжіліс мінберінде талқыланған болатын. Тіпті, 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салатын заң жобасы дайындалды. Құжатты Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірледі. Заң жобасы былтыр желтоқсанда қоғамдық талқылауға шығарылған еді. Алайда, елде интернетте отырудың нақты ережесі әзірге енген жоқ.