#qyzylordatv

Бүгін облыс әкімінің төрағалығымен Конституциялық реформалар жөніндегі өңірлік актив отырысы өтті. Жиынға мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының, басқарма мен аумақтық департаменттердің басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Нұрлыбек Нәлібаев жаңа Конституция жобасының маңыздылығына тоқталып, Сыр өңірі жұртшылығын бұл бастамаға жоғары жауапкершілікпен атсалысуға шақырды.

 Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жаңа Ата Заңның жобасы әзірленді. Осы мақсатта Конституциялық комиссия құрылып, оның құрамына 130 адам кірді. Бір аптаға жуық жұмыс жасаған комиссия тобы жеке азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды егжей-тегжейлі талдады. Нәтижесінде Ата Заңның 77 бабына яғни, 84 пайызына өзгерістер енді. Жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа Конституция жобасының маңыздылығына тоқталып, өңір жұртшылығын бұл бастамаға жоғары жауапкершілікпен қарап, белсенді атсалысуға шақырды.

 НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ

 Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылғы 8 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөнінде бастама көтерді. Бұл ұсыныс Конституциялық реформаны жүзеге асыруға негіз болып, Парламенттік реформа жөніндегі арнайы Жұмыс тобы құрылды. Қазан айынан бері еліміздегі саяси партиялардан, сарапшылардан, саяси-қоғамдық институттардан, үкіметтік емес ұйымдардан, азаматтарымыздан Парламенттік реформаға қатысты ұсыныстар жинақталды.//

Жаңа жобада жалпыұлттық диалог платформасы – Қазақстанның Халық Кеңесін құру да көрініс тапты. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын жалғастырады. Тағы бір жаңашылдық Вице-президент институтына қатысты. Ұсынысқа сәйкес ол Президент атынан Қазақстан мен шетелдердік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасасуды жүзеге асырады. Сондай-ақ Жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде бекітілді.

Актив отырысында Парламент Сенатының жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі, Қызылорда облысының құрметті азаматтары Бекмырза Еламанов мен Мұрат Бақтиярұлы, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, облыстық мәслихаттың төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі Мұрат Тлеуімбетов, Қазақстанның Еңбек Ері, Конституциялық комиссияның мүшесі Имамзада Шағыртаев өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

 Бұдан бөлек Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілді. Ал Ата Заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация таңдалып алынды. Бұл мемлекеттің болашағы минералды ресурстар мен табиғи байлықтармен емес, адами капиталмен және азаматтардың жетістіктерімен анықталатынын көрсететін түбегейлі маңызды бетбұрыс.