#qyzylordatv

Сыр өңірі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бастау алған сәттен бері сан мен сапаға қатар мән беріп келеді. Аталмыш бағдарлама шеңберінде алғашқы білім ошағының бірі Қызылорда облысында бой көтерген еді. Қазір сапалы білім мен саналы тәрбиені көздеген жоба аясы кеңейе түскен. «Келешек мектептерінің» бүгіні мен келешегі турасында әріптесім Елжас Әбділда сабақтайды.

 Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтерген №290 орта мектеп ұлттық жоба аясында ашылған алғашқы білім ошағының бірі. Мектеп 2024 жылы пайдалануға берілді. Содан бері мұнда барлық үдеріс бір ізге түсіп, білікті педагогтар құрамы жасақталды. Ең бастысы, жаңа мөлтек аудан балалары жаңа заманғы білімді жақын жерден алып жүр. Бұл бастама ә, дегеннен жеміс берді. Яғни, осы мектептің оқушылары Қытайда өткен халықаралық сайыстан жүлделі оралып отыр.

 «Бүгінгі балалар біліп туғандай». Бұл аға буынның таңданыстан жиі айтатын әңгімесі. Расымен, техникамен тілдесіп, құлтемірді құрастыру жаңа ғасыр өрендері үшін күрделі шаруа емес. Бірақ қазір құлтемірді құр құрастыру жеткіліксіз. Роботтың реңі өзгерді. Сондықтан, ұлттық мектептің ұстаздары білім беру тетігін тереңдете түскен. Оны оқушылардың талабынан аңғаруға болады.

 Заман талабына сай жайлы, кең кабинет, көрсең көз қызығатын әдістемелік құралдар. Әрине мұның бәрі жақсы. Бірақ ұлттық ұстын болмаса, бәрі бекер. Ұлттық жоба шеңберінде бұл мәселе ескерусіз қалмапты. Қазір оқушылар бос уақытында асық ойнап, домбыра шертіп, құндылыққа қол созып жүр. Тіпті мұнда сабақ арасындағы қоңырау да күмбір күймен әдіптелген. Бір сөзбен, сапалы білім, саналы тәрбиемен ұштасады.

 ЕЛЖАС ӘБДІЛДА – ТІЛШІ

 Білімге жұмсалған қаражат ең қайтарымды инвестиция. «Келешек мектептері» жобасы осы ойды қуаттайды. Сыр өңірінде байырқалы бастама аясында бірер жылдың бедерінде 10 мектеп бой көтерді. Мұнда оқушылардың сапалы білім алуы үшін жан-жақты жағдай жасалған. Арнайы пәндік кабинеттерді былай қойғанда, әрбір бала табиғи талантын ұштауға да мүмкіндік жасалған

 Жалпы, Сыр өңірінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасына 54 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Пайдалануға берілген 10 мектептің басым бөлігі ауыл-аймақтан ашылған. Сондай-ақ, соңғы 3 жылда 9 білім ошағының жанынан қосымша ғимараттар бой көтерді. Осылайша, облыста үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешіліп отыр.

 Мектепте ер балалар ағаш жонып, балға ұстаса, қыздар кесте тігіп, аспаздық қабілетін де шыңдайды. Мұнымен қоса, ән, би үйірмелері де жұмыс істеп тұр. Осылайша, бұл жоба оқушылардың қабілетін шыңдап, заманауи жайлы ортада білім алуларына мүмкіндік беріп отыр.