#qyzylordatv

Бизнеcке заңсыз кедергі келтіру – мемлекет мүддесіне қарсы ауыр қылмыспен парапар. Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен жиында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент құқық қорғау органдарының қазіргі жұмысына тоқталып, алдағы міндеттерін айқындап берді. Сонымен қатар заманауи цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен қолданудың маңыздылығына ерекше назар аударды.

 Қаржылық мониторинг агенттігінің құрылғанына биыл тура 5 жыл. Ел ішінде ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатқан тарихи кезеңде құрылған мекеменің жұмысына Мемлекет басшысы оң баға берді. Президент агенттік қызметіне цифрлық тәсілдер мен жасанды интеллект жүйесін жаппай енгізу – кезек күттірмейтін аса маңызды міндет екенін атап өтті.

 ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ - ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ //Қазір күштік құрылымдар мен қылмыс әлемінің арасындағы күрес технологиялық тұрғыдан мүлде басқа сипатқа ие болды. Қарақшылар, яғни қылмыскерлер жасанды интеллектіні белсенді пайдаланатын болды. Оны сіздер жақсы білесіздер. Құқық қорғау мекемелері, соның ішінде Қаржылық мониторинг агенттігі технологиялық тұрғыдан артта қалып қойса, бұл жағдай ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіруі мүмкін.//

 Қазіргі таңда қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару деректері азаймай отыр. Мұндай заңсыз әрекеттер ел экономикасына орасан зиян келтіреді. Соған қарамастан, бұл бағытта сотталғандар саны жоққа тән. Мемлекет басшысы агенттік қызметкерлеріне аталған мәселе бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ - ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ //Біз елімізді дамытуға арналған қаражатты тиімді жұмсаудың амалын іздеп қиналамыз. Бірақ соған қарамастан әлеуметтік салаға бөлінген триллиондаған теңге қаржыны жымқыратын алаяқтар бар, тіпті, аз емес деп айтуға болады. Бұл – мүлде ақылға сыймайтын жағдай. Мұндай кеселді түп-тамырымен жою керек.//