#qyzylordatv
«Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету мақсатында облыстық прокуратура мен полиция департаментінің мамандары студенттермен жүздесіп, кәсіби тұрғыда бағыт-бағдар берді.
Облыстық полиция департаменті қызметкерлерінің оқу-жаттығу полигонында ұйымдастырылған іс-шараға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Болашақ университетінің «Құқықтану» факультетінде білім алып жатқан студентері қатысты. Жиын барысында прокурорлар мен тергеушілер қылмыстық оқиға орнында дәлелдемелерді анықтау және бекіту секілді практикалық тұрғыда талдамалық мысалдар келтірді. Сонымен қатар, кинологтар иісшіл иттердің көмегімен есірткі және жарылғыш заттарды анықтау барысын тәжірибе жүзінде көрсетті.
Мұнан кейін, студент жастар жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың жарылғыш затты залалсыздандыруға қолданатын заманауи техникасымен танысып, қару-жарақ және қорғаныш құралдарын тамашалады
ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ
Облыстық полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағы жаңа заманауи қару-жарақтармен қамтылуда. Мәселен, соның бірі мына менің қолымдағы «ППК-20» пистолет-пулеметі. Қару Ресей мемлекетінде өндіріледі. Алғашқы таныстырылымы 2021 жылы өткенімен, 2023 жылдан бастап қолданысқа енгізіле бастады. Бұл арнайы лазермен жабдықталған. Яғни, түнгі уақытта немесе қараңғы ғимараттың ішінде қарсыластың көзін жоюға өте ыңғайлы. Қысқаша айтқанда, жылдамдық пен дәлдікті талап ететін қару.
Іс-шарада жылжымалы криминалистикалық зертхана жұмысы көрсетілді. Тәжірибелік сабақтар барысында білім алушылар шеберлігін шыңдай түсті.
МАДИНА СЕРІК – СТУДЕНТ
Бұл іс-шара болашақ маман иелеріне үлкен тәжірибе. Барлық практикалық сабақтар ашық түрде көрсетіліп жатыр. Менде осы мамандыққа өз қызығушылығыммен түстім. Бітіргеннен кейін осы мамандар секілді жұмыс істегім келеді.
БАТЫРБЕК НҰРМАҒАНБЕТОВ – ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ
Басты мақсатымыз – құқық қорғау органдарын білікті мамандармен қамту. Іс-шарада студенттердің белсенділігі, біліктілігі мен білімі нақты көрініс табуда. Өздерінің қызықтырған сауалдарына жауап алды...
Тәжірибелік сабағын өткізудегі мақсат – құқық қорғау органдарын білікті мамандармен қамту.
ОРАЛБЕК ОМАРОВ – ОПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Ішкі істер органдарына жұмысқа тұрам деген азаматтарға біздің есігіміз әрқашан ашық. Осыған ұқсас іс-шараларды полиция департаментінің қабырғасында және аудандық полиция бөлімдерінде жүйелі түрде ұйымдастырып келеміз.
Кездесу ашық әрі танымдық түрде өтті.Студенттер өздерін қызықтырға сауалдарына жауап алды. Алдағы уақытта мұндай шаралар түрлі форматта тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрмақ.