#qyzylordatv

Сыр спортынан сүйінші хабар! Орал қаласында өткен бокстан жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде жерлесіміз Аян Бауыржан чемпион атанды. 70 келіде қолғап түйістірген спортшы финалда алматылық боксшыны жеңіп, Өзбекстанда өтетін Азия біріншілігіне жолдама жеңіп алды. Қазір, ол Жақыпбек Махамбетов атындағы ауылдың спорт кешенінде өзге де командаластарымен бірге жаттығуда.

 Жуырда ғана ел чемпионатының алтын жүлдесін еншілеген жерлесіміз өңірге оралысымен жаттығуға кірісіп, рингте тер төгуде. Алдағы уақытта ол ұлттық құрама сапында бірнеше турнирлерге қатысуды жоспарлап қойған. Аян үшін биылғы жылдың басты бәсекесі Азия ойындары болмақ.

Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Аян Бауыржанға бапкерлері үлкен сенім артуда. Өткен жылы ол сары құрлық бәсекесінде жеңіске бір табан жетпей жығылған. Енді тәжірибесі толысып, шеберлігін шыңдай түскен жасөспірім Азияны бағындыруға бел буып отыр.

 Жалпы үйірмедегі 30-ға тарта жас тыңғылықты дайындық үстінде. Бірі облыстық, енді бірі республикалық, құрлықтық додада аймақ намысын қорғайды. Алдағы уақытта, боксшылардың бабын сынау үшін өзге спорт мектептерінің командаларымен жолдастық турнир өткізілмекші.