#qyzylordatv
Ел дамуына үлес қосып, ғибратты ғұмыр кешкен сала мамандарының еселі еңбегі кейінгілерге үлгі-өнеге. Статистика саласында қызмет атқарған білікті маман, ұлағатты ұстаз Ақзия Дүйсенованың туғанына 90 жыл толуына орай облыс орталығында еске алу кеші өтті.
Жиынға қатысушылар алдымен облыстық статистика департаментіндегі мұражайды аралады. Мұнда Ақзия Дүйсенқызының фотосуреттері мен ол туралы ақпараттар жинақталған. Ал шарада Ақзия Дүйсенқызының еңбек жолы, бірегей болмысы, ел-жұртқа деген жанашырлығы кеңінен айтылды.
Ол 1936 жылы Қазалы ауданы, Майдакөл ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1956 жылы Қалалық тұтынушылар бірлестігінде кассир болып бастап, осы мекемеде аға есепші, бухгалтер қызметін атқарды. 1958 жылы облыстық статистика басқармасында механикаландырылған әзірлеу бөлімінде статистик, еңбек және жалақы бөлімінде экономист, ал 1960 жылы еңбекақы, халық денсаулығын сақтау, мәдениет, сауда және материалдық қамтамасыз ету саласы бойынша еңбек бөлімінде аға экономист болып қызмет істеді. 1961 жылы осы бөлімнің басшысы болып тағайындалды. Жиырма жылдан астам уақыт бойы облыстық статистика басқармасы ұжымының партиялық ұйымын басқарған. Ақзия Дүйсенқызы бұл салада 30 жылға жуық нәтижелі еңбек етіп, түрлі марапаттарды иеленді.
НҰРМАН ТАЛҚАНБАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ СТАТИСТИКА ДЕПАРТАМЕНТІ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Ақзия Дүйсенқызы осы салада ұзақ жылдар еңбек еткен, маңдай терін төгіп елге, халыққа қызмет жасаған. Біздің үлкен мақтан тұтатын анамыздың бірі. Ол кісі статистика саласында 25-30 жылдай қызмет жасады. Осы бөлім басшысы қызметіне дейін көтерілді. Көптеген кадр, әріптестер тәрбиеледі. Жалпы үлкен мадақтарға ие болды.
МАЛҚАЙДАР ДҮЙСЕНОВ – ІНІСІ
5 ағайындымыз біз. 4 қыз, бір ұлмыз. Ең үлкеніміз Ақзия. Ақзия әкеміздің орнындағы әке, шеше орнындағы шеше болып, бізді тәрбиеледі. Мұстафа Матаевпен 56 жылы бас қосып, семья құрды. Содан бермен қарай екеуі де екі әулеттің үлкені. Екеуі де екі әулетке оң көздерімен қарап,бізді осындай дәрежеге дейін жеткізіп, ақыл кеңесін айтып қамқоршы болды бізге.
Еліміздегі статистикалық қызметтің дамуы мен қалыптасуына зор үлес қосқаны үшін 1982 жылы Орталық Статистика Басқармасының Құрмет кітабына Ақзия Дүйсенованың есімі енді.
ТАЛҒАТ МАТАЕВ – ҰЛЫ
Статистика департаментінде отбасымыз үшін ерекше шара болып жатыр. Дүйсенқызы Ақзия анамызға байланысты. Тірі болғанда 90-ға келетін еді. 30 жылға жуық статистика басқармасында қызмет жасады. Жәй экономистен бастап, үлкен бөлім басшысына дейін қызмет жасады. Еңбек және жалақы бөлімін басқарды. Ең үлкен алған алғысы жоғарғы ҚазақССР-дің президиумының жоғары кеңестің грамотасы.Ол сол кездегі мемлекеттік мараптқа теңескен нәрсе.