#qyzylordatv

Жаңа Конституция – еңсесін тіктеп, жарқын болашаққа қадам басқан мемлекеттің негізгі темірқазығы болмақ. Құжат еліміздің тарихы мен болашағын байланыстырып, заң мен тәртіпке, ғылым мен білімге негізделген. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жұмысы қауырт жүріп жатыр. Бесінші отырыста талқылаудың кезекті отырысында да түрлі ұсыныстар мен пікірлер айтылды.

Сан түрлі көзқарас. Қызу пікірталас. Бұл жай ғана 1995 жылғы ата заңның редакциясы емес, тұғыры мығым, жүйесі мен бағыты айқын елдің толыққанды жаңарған басты құжаты. Бүгінгі конституциялық комиссияның кезекті отырысында Парламенттің төменгі палатасы төрағасының орынбасары, Дания Еспаева жаңа Конституция қабылдауды ұсынды. Өйткені келіп түскен 2 мыңнан астам өтініш құжат ережелерінің жартысынан көбін қамтиды. Тың бастамалар Ата заңның мазмұндық тұжырымдамасын түбегейлі жаңартып, ел дамуының қазіргі кезеңіндегі қоғамдық сұранысқа толық сай келеді.

 ДАНИЯ ЕСПАЕВА – ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

 Енді біздің алдымызда тек негізгі заңның кейбір бөлімдеріне түзету немесе толықтыру енгізуден де үлкен міндет тұр. Бұл тек 1995 жылғы конституция мәтінін бүгінге бейімдеу емес. Бұл мемлекеттік құрылымның барлық архитектурасын, құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз ету жүйесін, билік институттары мен қоғам арасындағы өзара әрекеттестік механизмдерін терең қайта қарастыру.