#qyzylordatv

Қалада халықты тұрғын үймен қамту жұмыстары жалғасады. Биыл кезекте тұрған отбасыларға пәтер сатып алу үшін облыстық бюджеттен 39 млрд 474 млн теңге бөлініп отыр. Оған осал топтағы 1300-ден астам отбасы және тағы 900-ге тарта тұрғын ипотека арқылы баспаналы болады. Бұл туралы қалалық мәслихаттың кезектен тыс 48 сессиясында айтылды.

Қалалық бюджет 94 млрд 200 млн теңге болып бекітіліп, облыстық бюджеттен бөлінген трансферттер арқылы 140 млрд теңгеге жетті. Сессияның күн тәртібіне «2026-2028 жылдарға арналған Қызылорда қаласының бюджетін бекіту» мәселесі шығарылды. Қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова хабарлама жасап, депутаттар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Бюджетке өзгерістер енгізу барысында кірістерді ұлғайту есебінен, қаланың әлеуметтік және коммуналдық-шаруашылық салаларына қомақты қаражат бағытталғанын жеткізді. Жалпы бюджеттің ауқымды бөлігі жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталмақ. Халықтың сұранысы да осы.

 НҰРЖАН АХАТОВ - ҚАЛА ӘКІМІ

Яғни, 975 млн. 900 мың теңгеге «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы оңтүстік магистралды каналы арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталады. 1 млрд. 600 млн. теңгеге С.Торайғыров көшесінен Қызылорда-Құмкөл автожолына дейінгі Сағымбаев көшесі қайта жаңғыртылады. Құны 2 млрд. 600 млн. теңгеге қаладағы 8 автомобиль жолы күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, 2 млрд. 659 млн. теңгеге кент және ауылдық округтердің 29 көшесіне қайта жаңғырту, орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бөлінген 512 млн. теңгеге Жезқазған тас жолының бойындағы 150 гектар жердің инженерлік желілер құрылысы (қиыршық тас төсеу) аяқталады. Жоспардағы ірі жобаларымыздың тағы бірі - биыл Н.Назарбаев даңғылын Б. Баймаханов көшесінен бастап Тасбөгет кентіне дейінгі аралығын қайта жаңғыртып, күрделі жөндеуден өткіземіз. Бұл жұмыстардың қатарына Тасбөгет кентіндегі А.Иманов, Бозғұл-1, Наурыз және Ш.Есенов көшелері еніп отыр.

 Биыл Ақжарма ауылдық округіне қарасты Талдыарал елдімекеніне қосымша скважина орнатуға 624 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар көптің көкейінде жүрген биологиялық тазарту станциясын жаңғырту мен автоматтандыру жұмысын аяқтауға 1 млрд. 264 млн. теңге қаралып отыр. Қалада баспанамен қамту және абаттандыру жұмыстары да ерекше қарқын алады.

 НҰРЖАН АХАТОВ - ҚАЛА ӘКІМІ

Тұрғын үй Аймақ басшысының қолдауымен қаланы және елдімекендерді абаттандыруға 7 млрд. 723 млн. теңге бөлінді. Оның 6 млрд. 400 млн. теңгесіне Президент саябағының қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтайтын боламыз. Ең ауқымды шаруа - құны 1 млрд. 324 млн. теңгеге Қызылжарма каналының науа құрылысына кірісеміз.

 Былтыр жыл соңында қаланың және оған қарасты кенттер мен ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған 113 жоба әзірленген болатын. Бұл жобаларды қаржыландыру үшін 113 млрд 300 млн. теңгенің өтінімі ұсынылып отыр.