#qyzylordatv

Үкіметте ғылым саласы кеңінен талқыланды. Премьер-министр әсіресе, жаңа Конституция еліміздің ғылыми және технологиялық дамуының негізін қалайтынын баяндады. Қазір ғылыми жобаларды жүзеге асыру және Ұлттық ғылым академиясының әлеуетін ел экономикасына пайдалану ісіне екпін түсіру маңызды. Ал, ғылыми ортаның өкілдері жаңа Конституция жобасын қолдап пікір білдірді.

Өркениеттің, экономиканың тірегі әрі тілі - ғылым. Ілімі іргелі елдер ғана дамудың озық жолында жүр. Жаңа конституцияда қоғамда болып жатқан жоспарлы саяси және экономикалық өзгерістер көрсетіліп, ел дамуының жаңа бағдарлары, оның ішінде білім, ғылым және инновация саласындағы басымдықтар белгіленген. Мұны үкімет басшысы атап өтті.

 Ғылым - мемлекеттің тұрақты дамуының негізі. Олжас Бектенов адам игілігі мен ғылымды дамыту конституциялық деңгейде бекітілетінін айтып, конституциялық реформа мықты институттар мен адами капиталды дамытатын қазықты тетік екенін баяндады. Ал, ғалымдар заманмен бірге заң да өзгеру керек дейді.

 Ғылым, Жасанды интеллект және инновациялар еліміздің конституциялық бағытына айналмақ. Ең бастысы үкімет басшысы айтқандай, жаңа Конституция қоғамды Әділетті Қазақстанның құндылықтары айналасында топтастырады.