#qyzylordatv
Өңірде қызылша ауруы өршіп тұр. Әсіресе, инфекциялық кесел балалар арасында күрт көбейген. Мамандар мұның сыры дер кезінде екпе алмаудан, деп топшылап отыр. Осы және өзге де күрмеулі мәселелер облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің алқа мәжілісінде талқыланды.
Қызылша – ауа тамшылары арқылы жылдам жұғатын вирустық инфекция. Сондықтан, бір қарқын алса, лаулаған оттай төңіректі түгел шарпиды. Былтыр аймақта ахуал біршама реттелген еді. Бірақ биыл бұл дертті ауыздықтау оңай болмай тұр. Әсіресе, 5 жасқа дейінгі балалар арасында жағдай мәз емес. Жалпы, қызылшаға шалдыққандардың 90 пайыздан астамы облыс орталығында тіркелген.
ЕРЛАН ҰЗАҚБАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
2025 жылдың маусым айынан бастап облыс бойынша қызылша аурушаңдығы эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып қалыптасып, әлі күнге дейін аурушаңдық жоғары болып отыр. Қызылша ауруының 339 жағдайы тіркеліп, 100 мың адамға шаққандағы аурушаңдық көрсеткіші 39,1 құрады. Өткен жылдың ағымдағы мерзімімен салыстырғанда аурушаңдық 4,6 есеге төмендегенімен республика бойынша аурушаңдық жоғары аймақтардың бірі болып отыр/
Қызылша бірден байқалмайды, түрін тез өзгерткіш кесел. Әуелде қызу көтеріліп, жөтел мазалауы мүмкін. Дерт әбден дендегеннен кейін барып денеде қызыл бөртпелер пайда болады. Осы аралықта тиісті емдеу шаралары жүргізілмесе, инфекция өкпеге өтіп кетуі мүмкін. Жұқпалы індетті ауыздықтаудың бірден-бір жолы – вакцинация. Бірақ, өңірде екпені – «Екпе!» деп қарсы тұратындар көп.
ДАНИЯР ЖАНАЛИНОВ – ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ Бізде 2025 жылға дейін жағдай тұрақталды, бірақ қазір қайтадан өсім байқалып отыр, неге? 02:25 Ең бастысы, мұнымен көресетін жағдай – екпе. Бізде бас тартқандар саны ұлғайып жатыр. 2024 жылы 400 факті болса, 2025 жылы 475-ке жетіп отыр. Бұл жұмыста біз неден ұтылып жатырмыз, себебі, тиісті саясат жүргізілмей жатыр. Бұл сіздердің кемшілік...
Әрине, вакцинаны дер кезінде қабылдаған құп. Десе де бұл да дерттен дін аман болуыңызға кепіл емес. Мұны маманның өзі растап отыр. Себебі, екпені толық алған азаматтардың арасында да аурушаңдық тіркелген.
ЕРЛАН ҰЗАҚБАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Алаңдатарлық мәселе қызылшаға қарсы егілген, оның ішінде толық егілген балалар арасында аурудың тіркелуі. Облыста қызылшаға шалдыққан 77 науқастың 65-і КПК-нің бірінші түрімен егілсе, 12 науқас екі турмен де қамтылған. Аталған жағдайлар өз кезегінде вакциналардың сақтау ережесінің бұзылуына, егу техникасы сақталмағанына, одан бөлек екпе жүргізілгенінің растылығына күмән келтіреді
Алқа мәжілісінде өзге де инфекциялық ауру көрсеткіштері таразыланып, халықты иммундау шаралары нақтыланды. Өткен жылдан бері өңірде 23 нозология бойынша сырқат өсімі тіркелген. Әсіресе, жоғары тыныс жолдарының жіті жұқпалары мен тұмау көбейіп отыр.