Сырдария ауданында мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанованың туғанына 80 жыл толуына орай «Елі сүйген, елін сүйген қайраткер» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Қала мен барлық ауданнан іріктелініп алынған 12 ақын қайраткердің өмір жолын өлеңмен өрнектеді.

Сыр елінің қайраткер қызы Алмагүл Божанова 1946 жылы 14 наурызда Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Еңбек жолын Шаған ауылында балабақша меңгерушілігінен бастаған. Комсомол және партия комитеттерінде жауапты қызметтер атқарды. Сол кездегі Тереңөзек ауданы әкімі қызметінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, орта және шағын бизнесті дамытуға, ауыл шаруашылығы саласын көтеруге айрықша назар аударды. Әсіресе, майдан қыл суырғандай қарекет етіп, совхоздардың тарап кетпеуіне зор ықпал жасаған. Облыстық мәслихат хатшысы қызметінде де ерекше қарым-қабілетін көрсетіп, атқарушы органдармен бірге аймақтың даму жолында еселі еңбек етті.

Тағылымды іс-шараға жиналғандар әуелі Руханият орталығында бас қосып, Алмагүл Божанқызының өмірінен сыр шертетін көрмемен танысты. Көпшілік қайраткердің қызмет бабында жүрген уақытта түскен фотосуреттерін тамашалап, жарық көрген кітаптары және еңбектерімен танысты. Сондай-ақ, оқушылардың арнауын тыңдады.

Еске алу шарасы аудандық мәдениет үйінде «Елі сүйген, елін сүйген қайраткер» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасымен жалғасты. Келелі кештің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Берік Сәрменбаев Алмагүл Божанованың адами болмысын сөз етіп, елге еткен еңбегін атап өтті.

Сырдың қайраткер қызын еске алуға арналған жыр мүшәйрасына 12 ақын қатысты. Олар алдымен Алмагүл Божанқызының еңбегін өлеңмен өрнектеді. Мұнан кейін, қатысушылар «Тәуелсіздік», «Туған жер», «Отан» тақырыбындағы өз шығармаларын поэзия тілінде шебер жеткізді.

Жазба ақындар мүшәйрасының қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынды жалағаштық Сания Жақыпова мен аралдық Айбану Қалиева еншіледі. Ал екінші орын сырдариялық талантты ақын Бақтөре Айтбаев пен қызылордалық Ұлықбек Бекұзақұлына бұйырды. Бірінші орынды жас ақын Ақжол Түменбай жеңіп алса, бас жүлдеге шиелілік Бекжан Ержігіт лайықты деп танылды.

Осылайша, төл өнерді дәріптеген жас ақындар саналы ғұмырын ел дамуына арнаған Алмагүл Божанованың өмір жолын өлеңмен өрнектеп, Сырдария жұртына рухани азық сыйлай білді.