Енді ақылды камералар қоқыс тастап, жерге түкірген тұрғындарды аямайды. Полицейлер заманауи құрылғының көмегімен құқық бұзушылықтарды жедел анықтап жатыр. Мәселен, қазалылық полицейлер бір күнде дрон арқылы көше тазалығын бұзған 5 тұрғынға әкімшілік хаттама рәсімдеген.

Тәртіп сақшылары ұшқышсыз ұшу аппаратымен әуеден бақылап, аудан тұрғындарының рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастағандарды тіркеді. Тіпті дрон көмегімен темекі тұқылын лақтырғандарды анықтаған. Қоршаған ортаның тазалығына немқұрайлы қараған азаматтар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды. Жалпы, жыл басынан бері ауданда қоғамдық жерлерді ластаған 54 тұрғынға айыппұл салынса, 800 жуық азаматқа ескерту жасалған. Полиция азаматтарды тазалық пен тәртіпті сақтауға, қоқысты белгіленген орындарға ғана тастауға шақырады.