Сыр сүлейлерінің жолын жалғап, текті өнерді төрге оздырып жүрген Рахметовтер әулеті «Жыр Нөсер» атты отбасылық концертін өткізді. Айтыстың «қара жорғасы» атанған белгілі ақын, жырау, ұстаз Айдос Рахметов бастаған өнер иелері жырдан шашу шашып, көрерменге рухани азық сыйлады.

Айдос Рахметов пен Айнұр Ерниязованың өмірде де, өнерде де жұптарын жазбай, қол ұстасып жүргендеріне биыл – 25 жыл. Жыршылық, әншілік, ақындық қасиет оларға әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған. Айдостың әкесі Сәндібек 40 жыл қой баққан шопан болса да, өнерден кенде болмаған. Ал, ағасы Қитарбек Рахметов алты Алашқа танымал жырау болған. Бала күнінен жырға құмар Айдос «Бес ғасыр жырлайды» деген кітапты басына жастап, Сырдың мақам-сазын жаттап өскен.

АЙДОС РАХМЕТОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ, ЖЫРАУ, АЙТЫСКЕР АҚЫН

"Менің нағашы атам да, ағам да елге белгілі жырау болған, Кенен Әзірбаевпен айтысқан. Сол қасиетті өнер менің де ұрпағыма жалғасып отыр. Жұбайым да өнерлі әулеттен. Елге белгілі Ерниязовтар әулеті. Сол менің балам да өнердің жалып тартып мінді. Отбасылық өнерімді халыққа паш етейін деп, дәстүрлі әнімізді, жырымызды ұсынудамыз. Жиырма жасымнан осы өнердің үзеңгісіне аяқ салып едім, айтыс өнерінде өзім шамам келгенше үлесімді қостым."

Өнер өскелең ұрпақпен өміршең. Айдос пен Айнұрдың ұл-қыздары да талантты, дарынды. Кеште өнерлі отбасының үш қызғалдағы әкесінің ауылға, ата-анаға деген сағышынан туған жыр жолдарын оқып, көпшіліктің қошеметіне ие болды.

Көрерменге ерекше әсер сыйлаған тағы бір сәт жеті жасында «Жыршы бала» атанған Нөсер Айдосұлының өмірге келуі. Төрт қыз тәрбиелеп өсірген Айдос пен Айнұр үшін бұл көптен күткен қуанышы еді. Расында Нөсер тумысынан талантты болды. Ана құрсағында жатып, жыр тыңдап өскен ол екі жасында қолына домбыра ұстады. Жеті жасында 134 жолдан тұратын «Жарлы Тәліп» дастанын жаттап алып, үлкен сахналарда өнер көрсетті. Белгілі жырау Алмас Алматовтан бата алған жыршы бала қазір республикалық аламан айтыстардың шымылдығын жырмен түріп, көрермен құрметіне бөленіп жүр.

Жыр кешінде белгілі ақын Олжас Сәндібек, талантты композитор, әнші Үкітай Ерниязов та өнер көрсетті. Қазына артқан жыр керуені осылайша Сыр сахнасында аялдады. Тағлымы мол шарада ескі әрі есті әуендер шырқалды, жыр, термелер орындалып, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.