#qyzylordatv

Бүгін жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері, министрлер кабинетінде бірнеше лауазымда, бес облыста әкім болып абыроймен қызмет еткен Бердібек Сапарбаевтың туған күні. Көзі тірі болса 73 жасқа толар еді. Сапарбаев феномены дегеніміз не? Сапарбаев феномены туралы айтқанда оның тәуелсіз ел тарихында әкім болудың, жалпы мемлекеттік қызметкер болудың бет-бейнесін, тіпті десеңіз формуласын қалыптастырып берген біртуар тұлғалығын астын сызып айтуға болады.

 Бүгін әлеуметтік желі бетінде Бердібек Сапарбаев қызмет жасаған облыстардың тұрғындарының, жалпы оны білетін, бірге қызметтес болған бірнеше азаматтың естеліктерін көзіміз шалып қалды. Тіпті бірнеше аймақта Сапарбаев туралы арнайы фильмдер де әзірленіп, эфирге шығуда. Бұл әрине, тұтас ұлтқа тұтқа бола білген Бердібек Мәшбекұлының тұлғалығын айқын танытады. Шыны керек, Бердібек Сапарбаев бүгінгі мемлекеттік қызметкерлер үшін сол мемлекеттік қызметтің энциклопедиясындай болды. Тәуелсіз ел тарихында ол мемлекеттік қызметте жүріп, халықпен қалай тіл табысып, халықтың мұң-мұқтажын қалай шешу керектігін өмірлік тәжірибесімен көрсетіп кетті. Ол өмірдің мәні еңбек деп ұққан, беделдің бәрі есепсіз еңбектен тұрад деп ұққан, елді сүю – елжанды мінез бен еселі еңбектен тұрад деп ұққан. Осы ұстанымына өмірінің соңына дейін адал болып өтті.

 Сапарбаев феномены дегеніміз не? Сапарбаев феномены туралы айтқанда оның тәуелсіз ел тарихында жалпы мемлекеттік қызметкер болудың бет-бейнесін, тіпті десеңіз формуласын қалыптастырып берген біртуар тұлғалығын астын сызып айтуға болады. Оның халықтың мәселесін шынайы шеше білуі, қарқынды каръерасы, саяси қызметтегі тәжірибесі, тығырықтан шығудың тетігін таба білуі, теңдессіз дипломатиясы, пейіл түзер үлгі, жөн көрсетер өнегесі – бәрі-бәрі өз алдына бөлек әңгіме.

 Біздің телеарна да Бердібек Сапарбаев туралы көзкөрген, үзеңгілес азаматтармен сұқбаттасып, еске алу фильмін дайындады. Талай тұлға ерекше оқиғалар мен сәулелі сәттерді алға тартты. Бір ұққанымыз, Сапарбаев өзінің өмір сапарында ұлтының адал ұлы бола білді. Бұл шыны керек, қанша тыраштанса да көп адамның қолынан келе бермейді. «Бекең неге арамызда әлі жүре тұрмады екен?» деген өкінішке толы сөздер де айтылады, алайда елдің жүгін көтерген көп азамат сырттай сыр білдірмесе де, жұдырықтай жүрек қашанғы шыдасын?! Ер азамат үшін бұрынғылар «Халқыңа адал қызмет еткенің – мұратыңа жеткенің» деп түйіндейтін еді... Бекеңнің миссиясы сол елге адал қызмет етіп, мұратқа жету болған болар бәлкім, кім білсін...