#qyzylordatv
Қаладағы түнгі клубтардың бірінде азот оксиді құйылған шарлар ашық түрде сатылған. Осыған қатысты Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері көңіл көтеру орнына тінту жүргізіп, 4 газ баллоны мен полиэтилен пакетке салынған шарларды анықтады. Зиянды заттың заңсыз айналымына тосқауыл қою операциясына біздің түсірілім топ қатысып қайтқан еді. Оқиға орнынан тілші репортажын ұсынамыз.
Түнгі клубқа кірудің өзі қиын. Себебі, сыртқы есігі темір тормен тұмшаланған. Бұл арнайы жасақ қызметкерлерінің бірден ішке енуіне кедергі келтірді. Мұның өзі көңіл көтеру орнының ішінде бір былықтың барын білдіретін секілді көрінді бізге. Бірақ, арнайы жасақ ақыры есікті ашып, ішіне енді...
Дабыра музыка, қызылды-жасылды жарық. Көңіл көтерген жастар. Мұның бәрі сақшыларды көргеннен соң сап тиылды.
Иісшіл ит, арнайы жасақ, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері іші лабиринт болған екі қабатты нысанды толық тінтіп шықты. Нәтижесінде, газ баллондар мен шар салынған полиэтилен пакеттерді тапты.
ЕЛДОС АСАН – ТІЛШІ
Жедел тергеу қызметкерлері оқиға орнында дәлел-дәйектерді жинап, суретке түсіруге кірісті. Себебі, күдіктілердің әрекетін әшкерелеу үшін айғақ заттар қылмыстық істе қажет болады. Сондықтан мамандар әрбір ұсақ-түйекке дейін мән беруде.
ТЕМІРХАН АХМЕТ – ОПД ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ
Рейдтік іс-шара барысында 4 дана есіркі затына ұқсас балондар алынып, айғақ зат ретінде 5 дана полиэтилен пакетке салынған шарлар алынып, қазіргі таңда сарапта тағайындалып, Қылмыстық кодекстің 301 бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Көз байланған шақтан бастап түнгі клубта тіршілік қыз-қыз қайнайды. Ақшаға құныққандар демалушыларға шарға азот оксидін толтырып, ұсынады. Тұтынушылардың талабы да осы болса керек. Зиянды затқа елітіп, қызық қуған жастар мұның ақыры не болатынын бағамдай бермейтін секілді. Анығына келгенде, кеселдің бұл түрі есірткіден екі есе зиян. Химиялық препарат адам денсауылығы мен жүйке жүйесіне айтарлықтай зақым келтіреді.