Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономиканы әртараптандыру мәселесі қаралды. Жиыннан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев инвестиция тарту, өнеркәсіп өндірісін, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша жауапты сала басшыларына тапсырма жүктеді.


Үкімет отырысына селекторлық режим арқылы қатысқан «Orda Glass Ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Ғалымжан Қуатов өңірдегі табақша шыны өндіретін зауыттың жұмысы мен алдағы жоспары туралы айтты. Ал, облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов өнеркәсіп өндірісін дамыту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Аймақта алдағы төрт жылда 48 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ал, биыл жалпы құны 100 млрд. теңге болатын 21 жоба іске қосылмақ. Олардың қатарында құс фабрикасы, тауарлы сүт фермасы, «Пана» қонақ үйі, гофрлеу және картонның тегіс қабаты үшін қағаз өндіру зауыты, қуаттылығы 50 МВт болатын 2 күн электр станциясы бар. Сонымен қатар, «Табиғи тас Қызылорда» серіктестігінің жылына 1 млн. 100 мың тонна әк өндіретін зауыты іске қосылады. «Шалқия» кен-байыту фабрикасы, «Арал сода» серіктестігінің кальциленген сода, «Севен Риверс» компаниясының шыны бөтелке, испандық «Рока групп» компаниясының жылына 500 мыңға дейін санитарлық-техникалық өнім шығаратын зауыттың құрылысы басталады.


НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ \Испандық компания «Рока группты» біз тездетіп бастап кетейік. Ол өте жақсы жоба. Санитарлық-техникалық өнімдер шығарады. Бірінші линиясының өзі 46 млрд.тай. Ол өте үлкен ақша... Жылыжайды да тездетіп бастау керек. Жазда «Шиелі тас» әк зауытын іске қосу керек... \


Облыс әкімі мұнан бөлек шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қаржы институттарымен бірге аудандарды, ауылдарды аралап, көшпелі түсіндірме жұмыстарын қарқынды жүргізу керектігін айтты. Сонымен қатар, халық тұтынатын негізгі азық-түлік тауарларын «Ауыл аманаты» жобасы аясында өндіруді тапсырды.