Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде республикалық байқау өтуде. Сайысқа Астана қаласы және еліміздің барлық өңірінен келген 15 оқытушы қатысуда.

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің инновациялық жұмыстарының республикалық байқауы – үздіктер бақ сынайтын алаң. Сайыстың мақсаты – оқытушылардың кәсіби құзіреттілігін, педагогикалық шеберлігін, инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдану деңгейін айқындау, олардың үздік тәжірибесін тарату. Байқау Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, облыстық білім басқармасы, «Талап» коммерциялық емес акционерлік қоғамы және колледж ұжымының ұйымдастыруымен өткізілуде.

ЖАҚСЫГҮЛ ТОҒАНОВА – М.МӘМЕТОВА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ

//Біз 2025-2026 оқу жылында «қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» біліктілігі бойынша және жалпы білім беру пәндері қазақ тілі пәндерінің негізінде республикалық оқу-әдістемелік бірлестікке енген болатынбыз. Осы оқу әдістемелік бірлестіктің ұйымдастыруымен міне біз республиканың түкпір-түкпірінен 15 қатысушы, 15 сарапшы барлығы 30 жалпы республиканың қонақтары келіп жатыр. Бұл республикалық байқауға негізгі конкурстың ережесі бойынша 3 модульден тұрады. Осы үш бағыт бойынша әрбір қатысушы өзінің кәсіби білімін және дағдысын өз тәжірибесін, кәсіби құзіреттерін дәріптейді.//

БЕКЖАН ЕСЕНБАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ

//Өздеріңіз білесіздер елімізде 770-ден астам колледж болатын болса, барлығында осындай қазақ тілі мен әдебиеті пәні жүргізіледі жалпы пән ретінде.Осы бүгінгі байқауда, бүгінгі әдістемелік бірлестікте озық деп танылған инновациялық жұмыстар тәжірибе бөлісетін болады.//

Шарада қатысушылар тәжірибесімен бөлісіп, педагогикалық идеяларын ортаға салды. Сондай-ақ, тақырып бойынша сабақ ұйымдастырады.

БАҚЫТХАНЫМ КӘРІМОВА – Ж.ДОСМҰХАМЕДОВ АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ ОҚЫТУШЫСЫ

//Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің негізгі мақсаты сауатты жазып, сауатты сөйлеуге ғана үйрету емес, тілдің тамырынан танып, сөздің салмағын сезіне білетін, ұлтын сүйетін ұрпақ тәрбиелеу. Осы бағытта қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің қоғам алдында да, мемлекет алдында да миссиясы өте жоғары. Бүгінгі Мәметова атындағы Қызылорда колледжінің ұйымдастырып отырған байқауы біздің оқытушыларға өте керек нәрсе.Өйткені кәсіби даму бар жерде блім әрі қарай ілгерілейді.//

Айта кету керек, байқаудың өту барысы тікелей трансляцияда көрсетілуде.