#qyzylordatv
«Орталық Азия елдері Арал теңізінің тартылуы салдарын азайту жолдарын талқылайды», - деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі. Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит аясында Денсаулық сақтау министрлігі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйымдастыруымен Арал өңірі халқының денсаулығына арналған панельдік сессияны өткізу жоспарланып отыр.
«Сессия өңірдегі ең өзекті экологиялық мәселелердің бірі — көлемінің 90 пайыздан астамын жоғалтқан және халық денсаулығына, соның ішінде анемия деңгейінің жоғары болуына әрі түрлі экологиялық факторлардың әсеріне ықпалын жалғастырып отырған Арал теңізінің тартылуы салдарына арналады. Қатысушылар болашақ ұрпақтың денсаулығын қорғау тәсілдерін талқылап, «Арал теңізі өңіріндегі салауатты болашақ» атты Жол картасы жобасын таныстырады, сондай-ақ экологиялық тәуекелдерді азайту және орнықты дамуды ілгерілету мақсатында өңірлік ынтымақтастықты нығайту шараларын қарастырады», — делінген хабарламада.