Былтыр 434 бала буллинге ұшыраған. Ал, жыл басынан бері кәмелет жасына толмағандарға қысым көрсетудің 48 жағдайы анықталған. Ішкі істер министрлігі өкілдері кінәлілер жауапқа тартылды, дейді. Сонымен қатар, өткен жылы 113 мыңнан астам сайтта балалар үшін қауіпті контент анықталып, оның 34 мыңнан астамы бұғатталған.

Бұдан бөлек, жыл сайын жүргізілетін түсіндіру жұмыстарына қарамастан, балалардың қатысуымен болатын жол апаты азаймай тұрғанын айтады. Былтыр осындай қайғылы жағдай кезінде 285 бала қаза тапты. Оған қауіпсіздік талаптарының сақталмауы да әсер етіп отыр, дейді. Құзырлы орган жыл басынан бері жасөспірімдер қылмысы 30%-ға төмендегенін мәлімдеді.

Министрлік өкілдері балалардың қауіпсіздігін күшейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатқанын айтады. Ведомство 2030 жылға дейінгі «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы: саладағы барлық алдын алу шараларын біріктіргенін атап өтті. Қазір мектептерде құқықтық түсіндіру сабақтары өткізіліп, рейдтер мен профилактикалық акциялар тұрақты ұйымдастырылуда. Сондай-ақ әр білім ошағына полиция қызметкерлері бекітіліп, оқушылардың қауіпсіздігі тұрақты бақылауға алынған.