#qyzylordatv

Президент үкіметтің кеңейтілген отырысында жасанды интеллектіні дамыту – жасанды шараға айналмауы қажеттігін баса айтты. Қызылорда облысы сөзден іске бірден көшкен аймақтың бірі. Осы орайда өңірге «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бағдат Мусин арнайы келіп, облыс әкімімен бірлескен жобаларды талқылады. Байланыс және жаңа технология саладағы отандық компанияның ұтымды ұсыныстары турасында тілшіміз тарқатады.

Біз қалайық, қаламайық қазір технология түрленді. Жасанды интеллект – жасыл энергиядай бағалы. Қысқасы, көштен қалмау ләзім. Осы мақсатта өңірде Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірлесіп «Жасанды интеллект» институты ашылған болатын. Бүгінде онда 240 студент білім алуда. Бұл бастаманың нәтижесі уақыт еншісінде. Ал қазіргі қарекет қалай? Заманауи технология игілігі әр салаға сыналап енгізіліп жатыр, деді аймақ басшысы.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ

Өңіріміздегі 21 медициналық ұйымдарда жасанды интеллект арқылы онкологиялық ауруларды ерте анықтауға радиологиялық зерттеудің орталықтандыру технологиясы енгізілуде. Бұл мақсатқа бюджеттен 3 млрд. 175 млн. теңге бөлінген. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында барлық ауданда талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы 539 бейнебақылау камерасы мен 49 жылдамдық өлшегіш құрылғы орнатылып, жедел басқару орталықтары жаңғыртылды. Осындай жұмыстар Байқоңыр қаласында және Ақай, Төретам елді мекендерінде де жүргізілді

 Жоғары сапалы инфроқұрылымдық жүйе болмай, жасанды интеллектіні дамытамыз, деу құр әурешілік. Ақылды тетіктің басты азығы -жылдамдығы жоғары интернет. Осы орайда, «Қазақтелеком» компаниясы Қызылордадағы 20 мың тұрғын үйге талшықты-оптика арқылы интернет жеткізуді қолға алды.

 БАҒДАТ МУСИН – «ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ

2026 жылдың соңына дейін біз 20 мың үй қожалықтарына интернет жеткізуді сол оптика сымын жалғап, заманауи технологиямен интернетті ұсынатын боламыз. Бұл деген біздің «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы үшін қомақты инвестиция. Өйткені, бұрын 10 жылда 18 мың пәтерге оптикалық сымдарды тартсақ, осы жылдың ішінде 20 мың қосымша үй қожалықтарына оптика тартатын боламыз/

Бұл бастамадан шалғайдағы елді мекендер де тыс қалмайды. Ең алыс ауылдардың өзі интернет игілігін көретін күн жақын, дейді компания басшысы.

 БАҒДАТ МУСИН – «ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ

 Біз «Ауыл онлайн» деген жобаны жүзеге асырудамыз. Оның аясында тағы да 5 млрд теңге инвестиция құятын боламыз өңірге. Біз 960 шақырым оптика тартатын боламыз. Ол оптика 65 ауылды мекенге дейін интернетті жеткізіп, үй қожалықтарына дейін апарады

 Бір сөзбен, өңірде ғаламтор мәселесі түбегейлі шешілмек. Енді жасанды интеллект игілігі күн тәртібінде тұр. Бұл ретте «Қазақтелеком» компаниясының басшысы бірнеше жоба ұсынды. Бастамалардың басым бөлігі білім, денсаулық сақтау және қауіпсіздік қызметінде еңбек өнімділігін арттыруға негізделген. Коммуналдық саланың да кетігін жетік қылатын ұсыныстар айтылды.

БАҒДАТ МУСИН – «ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ

 Жылу, су есептегіштерінің көбісі ескірген. Солардың барлығын біз инвестиция құйып, жаңасын орнатуға дайынбыз. Сервистік қаржысы бар. Оны да келісуге, талқылауға дайынбыз. Сіз не аласыз бұдан?! Әрбір үй қожалығы төледі, төлемеді деп қадағалау үшін оңай емес. Бұл жүйе соның барлығын реттейді...

 Жасанды интеллект – жасанды көрсеткіштерді тоқтатудың да бірден-бір тетігі. Сондықтан қиюын тапсаң мұны кез-келген саланың кетігіне пайдалануға болады. Сыр өңірі сөзден іске бірден көшкен аймақтың бірі. Қазір ақылды басқару жүйесі әлеуметтік қоймаларды қадағалауға қолданылып жатыр. Ал жиында айтылған өзге де ұсыныстар әр сала бойынша жеке-жеке талданып, тиімділігіне қарай қолданысқа енгізілмек.