«Поэзия падишасы». Осындай атаумен «Сыр жұлдыздары» инновациялық шығармашылық академиясында ақын Фариза Оңғарсынованы еске алу кеші ұйымдастырылды. Рухани шарада талантты жастар біртуар қаламгердің таңдамалы туындыларын жатқа оқып, ал аға буын ақын өлеңдерінің құндылығын талдады.

Фариза Оңғарсынова – поэзия шыңына өршіл өлеңдерін қашап қалдырған қаламгер. Оның өлеңдері өр рухтың символы іспеттес. Есеңгірегенді еңсе тіктетіп, құлазығанды қолынан ұстап демейтін жыр жолдары жұртшылықтың жүрегінде. Мұны осы бір кештен аңғаруға болады. Рухани кеште өрімдей өрендер ақын өлеңдерін жатқа оқып, шынайы шығармалардың шоқтығы биік екенін және бір мәрте көрсетті.

ҚАРШЫҒА ЕСІМСЕЙІТОВА – ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ ОБЛЫС БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

// Фариза апайдың шығармалары бұл ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалатын біздің қасиетті мұрамыз. Жақында ғана Қызылорда қаласында өткен ұлттық құрылтайда президентіміздің өзі айтып еді, мынау ұлттық мұраны ұйымдастыруымыз қажет. Мұндай мұралар тек ғана мұражаайда тұрмайды, ол әр адамның көкірегінде жүрегінде жан дүниесінде жүретін дүние/

Ардақты ақынның жарық дүниеден көшкеніне 12 жылдан ауды. Десе де, өлең өлкесінен ізі өшкен жоқ. Түрлі тақырыпта жазған 5 томнан астам еңбегі бүгінгі буынның рухани қажетін өтеуде. Кеш барысында қаламгер қауым Фариза Оңғарсынованың шығармаларындағы философиялық иірімдерді тілге тиек етіп, жас ақындарға үлгі ретінде ұсынды.

ДАСТАНБЕК МЫРЗАБЕКҰЛЫ – АҚЫН

 /Өлеңге өнерге әркімнің таласы бар болатын болса соның ішінде Фариза Оңғарсынованың шоқтығы қай кезде де биік. Фариза апамызды бүкіл қазақтың баласынан бастап үлкеніне дейін сүйіп оқиды.Өйткені Фаризаның өлеңі ол өлмес және рухани адамға қуат беретін құдіретті дүние. Менде сол Қармақшыдан осы хабарды естіп ат арылтып келіп жатқан жағдайым бар. Сондықтан да Фаризаға құрмет бұл өнерге құрмет, қазақтың қанынан жоғалмайтын асыл қасиет/

Фариза жыры – уақытпен өлшенбейтін рухани құндылық. Ол – ұлттың жүрегінде соққан сыртылдақ сағат. Сондықтан қазақ халқы барда Оңғарсынованың орны мәңгілікпен мөрленері анық.