Теміржол – стратегиялық маңызы бар нысан. Алайда, соңғы кездері өңірде пойыздардың қатысуымен болған оқыс оқиға азаймай тұр. Әсіресе, балалар қауіпсіздігі аса алаңдатады. Белгіленбеген жерден жолды кесіп өту, қауіпсіздік талаптарын елемеу орны толмас өкінішке әкелуде.
2025 жылы теміржол бойында жаяу жүргіншілердің қатысуымен тоғыз адам қағу дерегі тіркелген. Оның ішінде екі жағдай кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған. Салдарынан бес адам көз жұмды. Оның біреуі – жасөспірім. Тағы үш адам түрлі дене жарақатын алған. Осы орайда «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында, теміржол бойындағы құқықбұзушылықтар легін азайту мақсатында «Қауіпсіз жол – балалар үшін» іс-шарасы ұйымдастырылды. Жиынға «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Бас директоры Асан Үмбетов, облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов, басқа да құзырлы орган өкілдері, колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.
АСАН ҮМБЕТОВ – «ҚТЖ-ЖҮК ТАСЫМАЛЫ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ
///Бүгін осы Қызылорда өңірінде ҚТЖ басшыларымен және осы Қызылорда өңіріндегі үлкен азаматтармен бірге бірігіп, жақсы іс-шара жасап отырмыз. Енді есепке келетін болсақ, 2025 жылы шұғыл қолдану 10344 рет пойыздар тоқтатылған. Сол теміржолда малдарға байланысты 4 мыңнан астам шұғыл тежегіш берілген және 653 адамға берілген. Сол себептен қай жерде болмасын адам құндылығы маңызды//
Теміржол нысандарында қауіпсіздік ережелерін бұзған 1839 адам жауапкершілікке тартылған. Биыл 234 дерек тіркелген.
САЯТ СЕИІТЖАН - КӨЛІК ПРОКУРОРЫ
//Бұл іс-шара жол қауіпсіздігі балалар үшін деп аталады. Өңірде осы теміржолға байланысты оқиғалар жиілеп кетті. Осы жұмыстардың алдын алу үшін біз ҚТЖ-мен бірлесіп, жергілікті әкімшілік өкілеттерімен бірге мектеп оқушылары мен колледж студенттерін жинап, мына пойыздың тоқтауы, белгіленбеген жерден өтпеу бойынша іс-шараларды көрсетейін деп тұрмыз. Қазір пойыздарды тоқтатып, осының барлығын көрсеткелі тұрмыз. Іс-шараның басты мақсаты осы.//
АСАН ҮМБЕТОВ – «ҚТЖ ЖҮК-ТАСЫМАЛЫ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ
// Енді біздің бүгін түсіндіргендеріміз теміржолда пойыз тұрғанда 10-15 метр айналып өту, вагон астынан өтуге болмайтындығын, ол үшін арнайы мостыларымыз бар. Және де сол мост арқылы қалай өту керегін үйретіп, бәрін айтып жатырмыз. Енді жүк пойызы және жолаушылар пойызы келе жатқанда шұғыл тежегіш қолданғанның өзінде, ол 1000 метр жүріп тоқтайды, сол себепті жан-жақтарыңызға қарап, наушникті алып тастап, тіке жолмен өтуге болашақ жастарымызды шақырамыз.//
Айта кетейік, алдағы уақытта мұндай профилактикалық шаралар жүйелі түрде жалғасады. Түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, заң талаптарын қатаң сақтау және әр азаматтың жеке жауапкершілігін арттыру арқылы ғана теміржол бойындағы жазатайым оқиғалардың санын азайтуға болады.