#qyzylordatv

Дәстүрлі әнші, термеші, Мәдениет қайраткері Бибіажар Махамбетқызы туған жері Жаңақорған ауданында шығармашылық кешін өткізді. Киелі сахнада жүргеніне жарты ғасыр болған өрелі өнер иесі жырдан маржан шашып, жерлестерінің ыстық ықыласына ие болды.

 Бибіажар Махамбетқызы тумысынан талантты, жастайынан жырға жаны жақын, әнге әуес болды. Қаратаудан құлай аққан мөлдір бұлақтың суын ішіп, саф ауасымен тыныстап өскен Қыраштың қызы қазақтың үкілі домбырасын серік етті. Елімізбен қатар шетел сахналарында өнер көрсетіп, ерекше даусымен тыңдарманды тамсандырды. Жыр керуенін жетектеп, туған жерге сәлем бере келген мәдениет майталманына аудан әкімі құрмет көрсетті.

 Жерлестерінің құрметіне бөленген өнер иесі репертуарындағы үздік туындыларын көпшілік назарына ұсынды.

Кеште жыршы-термеші Мейрамгүл Орашева, мәдениет саласының үздігі, әнші-сазгер Индира Елубаева және Бибіажар Махамбетқызының қызы, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Ақбота Керімбекова өнер көрсетіп, есті де ескі әндерді шырқады.

Ал Қыраш ауылынан шыққан талантты ақындар кеш иесіне арнау өлеңін оқыды. Көрермен тағлымы мол рухани шарадан ерекше әсер алып тарқасты.