#qyzylordatv
Ертең, яғни сәуірдің 18-і - Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні. Мәдени мұра – әрбір халықтың тарихы мен рухани байлығын айқындайтын баға жетпес құндылық. Бұл күннің басты мақсаты – адамзаттың ортақ мұрасы саналатын тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды сақтау мен қорғаудың маңыздылығына қоғам назарын аудару.
Атаулы күн қарсаңында облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің басшысы Ерғазы Алданазаров өңірдегі мәдени ескерткіштердің маңызына тоқталды. Облысымызда 483 мәдени мұра мемлекет қорғауына алынған. Оның 31-і республикалық, 398-і жергілікті тарихи маңызы бар тізімге енгізілген. Ал 54 нысан алдын ала есепке алынған тарихи-мәдени мұралар қатарында. Биыл облыс әкімдігінің қолдауымен ежелгі өркениет ошақтары саналатын сақтардың орталығы Бәбіш мола, оғыздардың ордасы Жанкент және қыпшақ, Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, республикалық және жекелеген ұйымдардың қолдауымен Жаңақорған ауданындағы Сығанақ және Қазалы ауданындағы Кескен күйік қалашықтарында археологиялық зерттеулер жоспарланып отыр.