#qyzylordatv
Сыр өңірінде көгілдір көктемнің белгісіндей сирень гүлдеп, сәуірдің сәнін арттыра түсті. Бір қызығы, ғашықтар күнінде осы гүлге сұраныс артып, сөрелер бос қалыпты. Ел аузында сирень, ал қазақша мамыргүл немесе бөртегүл деп аталатын осы гүлді жұлғандарға енді айыппұл салынады.
АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ
Қазір әлеуметтік желіде не көп, тренд көп. Бұл соның бірі. Әдемі ия. Нағыз көктемнің символы дерсің. Бірақ осы трендті қайталаймын деп айыппұл арқалап жүрмеңіз. Негізі көшеде өсіп тұрған гүлді жұлуға тыйым салынған.
Бөртегүлдің тарихи отаны – Балқан түбегі, одан кейін Еуропа мен Азияға кең таралған. Ал түркітілдес Қарашай, Балқар ағайындар оны «Ләйлек» деп атайды. Бұл гүлдің табиғатта 30-дан астам түрі бар. Әдемі хош иісімен, нәзік түсімен баурап алатын бұл гүлді бұдан былай жұлуға болмайды. Қырдың қызғалдағы секілді өсіп тұрған жерінен жұлсаңыз немесе бұтағын зақымдасаңыз сұрауы бар. Айыппұл көлемі бақандай 216 мың теңге.
СӘБИТ САТҚАНБАЙ – ОПД ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жалпы республикамызда заңнама талаптарына сәйкес сирень гүлін жұлу орын алған дерекке байланысты келтірілген залалдарға байланысты ӘК талаптарына сәйкес 50 АЕК дейінгі айыппұл салуға соқтырады. Келтірілген залал есептеледі. Сонымен қатар Қызыл кітапқа енген қызғалдақ өсімдігін жұлу 3000 АЕК айыппұл салуға немесе 3 жыл бас бостандығынан айырылуға немесе одан бөлек аталған мерзімде түзеу жұмыстарына тарту жөнінде жазалар қарастырлған.
Ал бөртегүл облыс орталығындағы сауда орындарына негізінен өзге өңірлерден жеткізіледі екен.
САЛТАНАТ ҚЫЛЫШБЕК – ГҮЛ БЕЗЕНДІРУШІ
Сирень тек сәуір айында ғана өседі. Сәуірдің бастапқы күндерінен ортасына дейін ғана өседі. Бұл гүлдерді Алматы, Сарыағаш, барлық аймақтардан келеді. Кеше 15-інде бұл гүлге сұраныс көп болды. Ұлттық ғашықтар күніне байланысты. Бір бумасы 10 мың теңге тұрады сатылымда. Қызылордада бұл гүлдерді сататын жерлер бар. Бірақ аз.
Бөртегүл тек күлгін түспен шектелмейді, оның ақ, қызғылт, көкшіл және сары түсті түрлері де бар. Не десек те, табиғаттың тамаша тартуы саналатын бұл гүл бүгінде көңіл мен құрметті білдіретін таптырмас сый болып тұр.