#qyzylordatv
Биыл «Қызылорда» телеарнасының құрылғанына 35 жыл. 1991 жылдың сәуір айында алғашқы эфир көрерменге жол тартты. Бүгінге дейін арнамыздың алғашқы жылдары еңбек еткен, көкжәшікте көрініп жүрген журналистер жөнінде айтып келсек. Бүгін, кадр сыртындағы қызметкерлердің жұмысына тоқталамыз. Тілшіміз Елдос Асан саналы ғұмырын осы салаға арнаған майталман мамандар жайында баяндайды.
ЕЛДОС АСАН – ТІЛШІ
Көкжәшіктен көрсететін осы бір кадрларды таспаға тартып, бір-бірімен жалғап, көрерменге көрікті етіп ұсыну оңай шаруа емес. Қазір технологияның жетілген уақытында жұртшылыққа жол тартатын екі-үш минуттық жаңалықтың артында ондаған маманның еңбегі тұр. Ал, осыдан 35 жыл бұрын жағдай мүлде басқа болған. Техникалар тіпті бөлек. Алайда, майталман мамандар шаруадан ши шығармай, бағдарламалар мен жаңалықтарды уақытылы шығарып отырған.
Телеарна шежіресінде есімі алтын әріппен жазылатын кадр сыртындағы қаһармандар жетерлік. Солардың бірі Бақытжан Шөкенов. Техниканың тілін меңгерген білікті маман телеарнаның іргетасы қаланған алғашқы күннен бастап тер төгіп келеді. Ол кезде телеарнаның инженерлік жүйесін «нөлден» бастап құру нағыз ерлікпен тең еді. Бақытжан Шөкенов сол сәттен бастап техниканың тынысын ашып, инженерлік желісінің мінсіз жұмыс істеуіне жауапты болды. Кәсіби маман қиындығы мен қызығы қатар болған алғақшы эфирмен бөлісті.
БАҚЫТЖАН ШӨКЕНОВ – «QYZYLORDA» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ
Бірінші эфирді айтатын болсақ, қиын болды. Ол кезде әрине қобалжу болған бір жағынан. Бірақ, екінші жағынан интерес болды да. Қалай болады, не болады, неден бастаймыз, қалай жасаймыз. Ол кезде монтаж болған жоқ, графика деген болған жоқ. Тікелей эфирде қолмен көрсететін едік, баста дегендей. Біраз қызық болған негізі. Былайынша за кадровый қарайтын болсақ үлкен жұмыс., үлкен адам жұмыс істеді. Мысалы сол кезде бір тікелей эфир 10-12 адам эфирге жіберетін. Шынын айту керек бірінші эфир бірінші тікелей эфир бізде форсмажор болмаған.
Расында, 35 жыл бұрын қазіргідей бір батырманы басып, спутник арқылы сигнал тарататын жеңілдік болмаған. Әрбір кабельдің жалғануы, эфирдің үзілмеуі инженердің жіті қадағалауы мен қол еңбегін талап ететін. Сол сәтте Бақытжан Шөкеновтің командасы қиындығы мол қызметте қателікке бой алдырмай алғашқы эфирді абыроймен алып шыққан. Осыдан 35 жыл бұрын калыптасқан инженерлік жүйе жылдар өтсе де, ақпараттың іркіліссіз таралуына қызмет етіп келеді. Бұл техника бөлімі қызметкерлерінің ортақ еңбегінің жемісі, дейді телеарнаның бас инженері.
БАҚЫТЖАН ШӨКЕНОВ – «QYZYLORDA» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ
Техника туралы айтсақ, ол командалық жұмыс ғой негізі. Теріп-теріп жинадық балдарды. Мысалы үшін тікелей эфирге шыққан жағдайда ешқандай қобалжу болмайды. Себебі әркім өз орнын біледі. Әркім өз жұмысын біледі. Егер бір жерде ақау болған жағдайда біз бәріміз басымызды салып шешеміз. Біз түсінеміз бізге байланысты көп нәірсе бар. Себебі, сапа нашар болса сюжет жақсы болған кезде қабылдайтын телекөрермен басқаша қабылдауы мүмкін. Ол болатын болса бүкіл ұжымның еңбегі далаға кетеді. Сондықтан біз тырысамыз.
Теларнаның аға буын өкілдерінің қатарын 1994 жылы Нұрлыбек Шахметов толықтырды. Еңбек жолын жарық беруші болып бастаған ол, кейін телеоператор ретінде танылды. Оның қырағылығы мен кәсіби түйсігі таспалаған кадрлар көгілдір экранның көркін кіргізді. Майталман маманның таспалаған туындылары бүгінде телеарнаның алтын қорында сақтаулы. Уақыт өте келе шығармашылық ізденіс Нұрлыбек Шахметовты режиссерлік биікке көтерді. Бүгінде арнадағы түрлі бағдарламағаның сәтті шығуына тікелей жауапты. Саналы ғұмырын телевизияға арнаған маманның алғашқы жылдары ұстаған ауыр камералары қазір тарих жәдігеріндей сақтаулы тұр. Бұл техникалар кейіпкеріміздің еңбекпен өрілген өмір жолының үнсіз куәгерлеріне айналған.
Төрехан Қожахметов. Бұл біздің арнаның тұрақты көрермендеріне етене таныс есім. Жаңалықтарты жібермей көретін көпшілік кейіпкеріміздің бет-бейнесін білмеуі мүмкін. Бірақ, бейнемотажердің әрбір кадрларды қиыстырудағы шеберлігіне әлдеқашан қанық. Шығармашылық ортада жүргеніне отыз жылға жуықтады. Жылдар бойы жинаған тәжірибесі бүгінде жас мамандарға үлгі.
Бұл Қызылорда телеарнасының тарихын қалаған, кадр сыртында тер төккен майталмандардың бір парасы ғана. Бірі инженерлік желіні реттесе, бірі жарық пен кадрға жан бітірді. Енді бірі сол бейнелерді біртұтас дүниеге айналдырды. Саналы ғұмырын саланың дамуына арнаған жандардың әлі де телеарнаның дамуына берері көп.