Біздің келесі кейіпкеріміз – қала тазалығы мен тұрғындардың жайлы өмір сүруіне үлес қосып жүрген маман. Адал еңбектен абырой тапқан Гүлзинат Жұмабекова бұл салада 20 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді.
Бүгінде шаһардың шырайы бөлек. Сәні мен салтанаты артып келеді. Қала көрікті, көшелер таза. Бұл, әрине, ертемен қызу тірлікке кірісетін сала мамандарының еңбегі. «Қызылорда тазалығы» мекемесі, «Санитарлық тазалық» бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлзинат Мүсірепханқызы күн сайын қызметкерлердің жұмысын үйлестіріп, қала тазалығының жүйелі орындалуын қадағалайды.
ГҮЛЗИНАТ ЖҰМАБЕКОВА – «ҚЫЗЫЛОРДА ТАЗАЛЫҒЫ» КММ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ
"Біздің жұмысымыз қызығы мен қиындығы қатар жүріп отыратын қызмет. Күнде кешке жақын қаланың барлығын бірсыпыра аралап, кем-кетіктерін, бітпей қалған жұмыстардың барлығын ертеңге күнге жоспарлап, жұмысшылардың барлығын сол жақтарға бөліп, таңертең барлығының амандығын біліп, жұмысқа қосамыз."
Қала тазалығы – бір күндік жұмыс емес. Ауа-райы күрт өзгеріп, қар мен жаңбыр араласып, көктайғақ болған тұста мекеме қызметкерлерінің қолынан күрек түспейді. Бұл – әлсіздік пен жалқаулықты көтермейтін, еңбекқорлықты талап ететін, төзімің сыналатын, ызғарлы суық пен желге қарсы тұратын жұмыс. Аптап ыстықта да білек түріп еңбек ететін осы жандар. Бүгінде мекемеде 500-ге тарта қызметкер жұмыс атқарады.
ГҮЛЗИНАТ ЖҰМАБЕКОВА – «ҚЫЗЫЛОРДА ТАЗАЛЫҒЫ» КММ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ
"Біздің жұмысымыздың ең қиын сәті бүкіл автобустар дейміз ғой қоғамдық көліктерді тоқтатқызып, халықтың бәрі жұмыстан тоқтап, оқушыларымыздың барлығы онлайн оқып жатқан кезде біз жұмыста болдық. Өйткені қатты мұздақтан қала тез қатып қалып, көктайғаққа ұласып жатты.Сол кезде біз арнайы қоспаларды сеуіп, жаяу жүргіншілерді, аялдамаларды мұздақтардан тазалау жұмысын атқарып жаттық. Ауа райы қанша қолайсыз болып тұрғанымын біз өз қызметтерімізді атқардық деп білеміз."
Сектор меңгерушісінің жұмысы тек бақылаумен шектелмейді. Ол күн сайын жұмыс жоспарын құрып, техникалардың дұрыс қолданылуын және қызметкерлердің қауіпсіздігін де қадағалайды.
ГҮЛЗИНАТ ЖҰМАБЕКОВА – «ҚЫЗЫЛОРДА ТАЗАЛЫҒЫ» КММ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ
"Менің білімім бойынша экологпын. Экологияның өзі табиғатқа деген сүйіспеншілік қой. Сондықтан Алла тағала маған осы жерден нан бұйыртты. Қолымнан келгенше халыққа қызмет жасап, қаламызға деген патриоттық сезіммен қызмет атқарамыз. Бұл жұмысты ешқандай арланбай жұмыс жасаймыз. Күнделікті жұмысшылардың қасындамыз 24/7. Жұмысымыздың бәрі адал. Өз еңбегімізбен жетістіктерге жетіп жатырмыз, Аллаға шүкір.+Қанша халық мекемеде жұмыс атқарып семьясын бағып отыр ғой. Таза бейнетпен, адал еңбекпен тапқан нан қашан да болса тәтті."
Мұндағы жұмыс екі ауысымда атқарылады. Көпқабатты үйлердің ауласындағы темір жәшіктердің қоқысын арнайы орынға апаратын көліктердің жұмысы түнгі 3-те басталады. Ал көше тазалауға арналған көліктер таңғы 6-дан бастап жұмыс істейді. Қол жұмысын атқаратын жұмысшылар 7 жарымнан бастап, арнайы секторлар бойынша қызу жұмысқа кіріседі.
Жиырма жылдан астам уақыт осы салада еңбек еткен Гүлзинат Мүсірепханқызы қазір ұжымдағы тәжірибелі маман. Жастарға үнемі жол сілтеп, бағыт-бағдар беріп отырады. Мыңдаған адамның таза қалада тұруына үлес қосқан біздің кейіпкеріміз бүгінде адал еңбекпен абырой биігіне көтерілген.