Сырдария ауданында екінші дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Талғат Қозыбаевты еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық турнир өтті. Жасөспірімдер арасындағы бәсекеге еліміздің әр аймағынан 200-ге жуық спортшы қатысты.

Полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаев қызметтік міндетін өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан. Сырдария ауданының тумасы еңбек жолын Ақтау қалалық ішкі істер басқармасынан бастаған. Ал, 2002 жылы туған жерге оралып, Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істеді. Өз ісінің білікті маманы, полиция лейтенанты Талғат Қозыбаев 2003 жылы қызмет барысында оққа ұшып, көз жұмды.

Ерлікпен қаза тапқан батырдың есімін ел ұмытқан жоқ. Бүгінде Сырдария ауданы, Мәлібаев ауылындағы №131 орта мектеп ержүрек полиция қызметкерінің есімімен аталады. Мұнан бөлек, батырдың құрметіне облыстағы екі білім ошағында «Жас сақшы» сыныбы жұмыс істеп тұр. Арнайы «Батырлық бұрышы» да ашылған.

Еске алу турнирі осымен 18-ші рет ұйымдастырылып отыр. Дәстүрлі сипат алған сайысқа биыл 2011-2012 жылы туған жастар қатысты. Өңірдің өрендерімен қатар, Тараз, Түркістан, Ақтау, Атырау, Ақтөбе облыстарынан келген 200-ге жуық спортшы 10 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Ал олардың әр әдісін әділ бағалауға жоғары дәрежелі төрешілер шақыртылған.

Бозкілемдегі белдесу тартысты өтті. Әсіресе, 75 келі салмақта сынға түскен спортшылар жарыстың көркін қыздырды. Екі күнге жалғасқан еске алу турнирде үздік үштіктен көрінген өрендерге сыйлықтар мен спорт шеберлігіне үміткер атағы берілді.