#qyzylordatv

Үкімет отырысында Премьер-министр базардағы бағаны қолдан өсіріп отырғандармен күресті күшейтуді тапсырған болатын. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссиямен бірлесіп, қаладағы сауда орындарын аралады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын білді.

Алдымен комиссия мүшелері сатушыларға көкөніс пен жеміс-жидек жеткізіп отырған кәсіпкермен кездесті. Өнімдерді өзге өңірден жеткізіп отырған кәсіпкер бағадағы өзгерістерді жолдың шығынымен байланыстырып отыр.

     Кездесуде көтерме жеткізушіге қажетті құжаттардың болуы және сауда тәртібін сақтау талаптары түсіндірілді. Сондай-ақ, кәсіпкерге тауарды делдалсыз, тікелей өндірушілерден алу ұсынылып, әлеуметтік маңызы бар тауарларға сауда үстемесін сақтау және бағалардың сөрелерде нақты көрсетілуі ескертілді. Сонымен қатар, сауда орындарындағы өрт қауіпсіздігі талаптары мен жол қауіпсіздігінің сақталуы тексерілді. Айта кету керек, бүгінде облыста 36 әлеуметтік дүкен мен сауда орындарында 14 бұрыш жұмыс істеп тұр. Онда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтағы бағадан төмен сатылуда. Мобильді топ бағаны негізсіз өсіруді болдырмау және делдалдар санын қысқарту бағытындағы жұмыстарды жалғастыратын болады.