#qyzylordatv

«SuperStarKz» мега жобасы Сыр елінде! Бүгін Асқар Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде айтулы ән сайысының кастингі өтті. Іріктеу кезеңінде 16 мен 25 жас аралығындағы таланттар бақ сынады. Болашақ жұлдыздарды тамыршыдай танып, үлкен сахнаға жетелеуді көздеген байқау барысы туралы келесі бейнематериалымызда.

Қызылордадағы «Super Star KZ» кастингі таң сәріден басталды. Сахнаға шығуды армандаған жастардың қарасы қалың. Қолдарында нөмір, көңілдерінде үміт. Бірі халық әнін, бірі шетелдік хитті, енді бірі өз шығармасын дайындап келген.

Қатысушылардың дені өнерге бала кезден жақын. Бірі анасының қолдауымен түрлі байқауға қатысқан, енді бірі Түркістаннан арнайы келіпті. Мақсат ортақ – қазақ эстрадасының жарық жұлдызы атану.

Іріктеу тәртібі қатаң: әр қатысушыға нөмір беріліп, қазылар алдына кезекпен шығады. Хоббиі, дайындаған әні сұралады. Репертуар да алуан түрлі – «Отан», «Көзімнің қарасы», «Нурикамалдан» бастап, Абайдың «Желсіз түнде жарық-айына» дейін шырқалды.

Қазылар алқасы үміткерлердің тек дауысына ғана емес, сахналық мәдениетіне, ән таңдауына да мән беріп отыр. Ал қатысушылар үшін бұл – үлкен сахнаға жолдың бастауы.