#qyzylordatv
Мәдениет әлемінен ақпар. Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясы жанынан құрылған Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестр ұжымы Сыр жұртшылығына тамаша тарту жасады. Өнер орталығында өткен рухани кеште Құрманғазының күйлерінен бастап Есір Айшуақұлы, Ақтан Керейұлы, Сәттіғұл Жанғабылұлы секілді күйші-композиторлардың таңдамалы туындылары орындалды. Мақамы мәшһүр маңғыстаулық өнерпаздардың тамаша тартуы турасында тілшіміз тарқатады.
Биыл Маңғыстау күйшілік мектебінің көрнекті өкілі Абыл Тарақұлының туғанына – 206 жыл. Ал осы күйші атындағы оркестрдің негізі қаланғанына 32 жыл болды. Қос тойы қатар келген өнер ұжымы осылай еліміздің әр аймағында келелі кеш өткізуді хош көрген. Өнер жәрмеңкесі мәдениеттің мәуелі ордасы Сыр өңірінде басталып отыр. Көрерменге алтын басын иіп, талантын түйіп келген маңғыстаулық мәдениет майталмандарына облыс әкімдігі тарапынан құрмет көрсетілді.
Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрі дәстүрлі құндылықты дәріптеп жүрген бірегей ұжым. Әсіресе, жұрттың жадынан өшкен көне күйлерді қараша қауымға қаз-қалпында ұсынып келеді. Бұл жолы да Есір Айшуақұлы, Ақтан Керейұлы, Сәттіғұл Жанғабылұлы секілді есімі ұмыт болып бара жатқан тұлғалардың туындысын тірілтті. Мәселен, қазақ батырларынының рухын байқатқан «Ақжарма», «Ерен» секілді күйлер Сыр сахнасында алғаш рет орындалып отыр.
Аталмыш ұжымның репертуары бай. Кеш барысында бірнеше музыкалық жанрды бір сахнада тоғыстырды. Оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста орындалған ән жаныңды жадыратады.
Күй – күйдіреді, күй – сүйдіреді. Ал күйгеніңді де, сүйгеніңді де әуезді әннен табасың. Саз сөйлеп, мизам музыка манаураған маңғыстаулық өнерпаздардың кешінен көпшілік осындай әсермен тарқасты. Айта кетейік, Сыр өңірінен бастау алған гастрольдік сапар мұнан әрі Шымкент, Алматы облыстарында жалғасын таппақ.