#qyzylordatv
Қызылордада музыкалық колледждер арасында республикалық орындаушылар конкурсы басталды. Осымен 47-ші рет ұйымдастырылған өнер бәйгесі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Қаракөз Ақдәулетованың 70 жылдығына арналып отыр.
Қаракөз Ақдәулетова қазақ өнерінің өрістеуіне үлес қосқан бірегей тұлға, үлкен жүректі ұстаз. КСРО Халық әртісі, қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегеновадан дәріс алған Сырдың талантты тумасы өнер көгінде қалықтады, ұстаздық жолын таңдап, шәкірт тәрбиеледі. Тағылымды тұлғадан тәлім алған «Сыр сандуғаштары» еліміздің ғана емес Эстония, Түркия, Франция, Армения, Болгария, Ресей секілді шет мемлекеттердің сахнасында ән салып, бәсі биік байқауларда бақ сынады. Музыкалық колледждер арасындағы республикалық орындаушылар конкурсының ашылу рәсімінде сөз алғандар Қаракөз Ақдәулетованы еске алып, естеліктермен бөлісті.
Байқауға еліміздің әр өңірінен отыздан астам талапкер қатысуда. Олар академиялық және ансамбльдік ән салу бағыты бойынша бақ сынайды. Бірінші турда көрнекті композитор Латиф Хамиди мен Ахмед Жұбановтың шығармаларын айтса, екінші кезеңде КСРО Халық әртісі, опера әншісі Ермек Серкебаевтың репертуарынан бір туынды орындайды.
Айта кетейік, республикалық конкурс 24 сәуір күні аяқталады. Байқау аясында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Қаракөз Ақдәулетованы еске алуға арналған түрлі іс-шара ұйымдастырылады.