#qyzylordatv

Туған жердің табиғаты мен қоршаған ортаны көздің қарашығындай сақтау ортақ іс. Осы орайда Сырдария ауданының тұрғындары жалпыхалықтық акцияға үн қосты. Тазалық сақшылары Қалжан Ахун мешіт-медресесі мен Ешмұрат қорымы аумағын абаттандырып, маңындағы ағаштарды әктеп, қоршауларды сырлап шықты.

Экоакцияға қатысушылар алдымен Қалжан Ахун мешіт-медресесінің аумағын абаттандырудан бастады. Тазалық сақшылары тарихи маңызы бар киелі орынның айналасын жабайы шөптен тазартып, жаңадан егілген ағаш көшеттерін суарып шықты. Сондай-ақ, арық жүйелерін қоқыстан аршып, қоршауларды сырлады. Аудан ардагерлері де туған жердің көркеюіне белсене үлес қосты. Көпті көрген қариялар бұл бастаманың өскелең ұрпаққа берер тағлымы мол. Себебі, тазалық бар жерде береке мен бірлік болады,-дейді.

 Мұнан кейін, тазалық жұмыстары «Ешмұрат» қорымы мен «Тағзым алаңы» аумағында жалғасын тапты. Аталған аумақтың алдына ағаш көшеттері отырғызылып, айналасы күл-қоқыстан тазартылды. Жалпы ортақ іске ұйысқан аудан тұрғындары осы акция аясында қоршаған ортаның құндылығын сақтауға ұдайы үлес қосып келеді.

Жалпы аудан көлемінде 50-ге жуық тарихи маңызы бар ескерткіштер сақталған. Әр сенбі сайын бұл орындарда санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізіліп, абаттандырылып келеді.