#qyzylordatv
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев алғашқы жұмыс сапарын Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешенінен бастады.
Аймақ басшысы Қазақстанның Еңбек Ерлері Абзал Ерәлиев пен Имамзада Шағыртаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, облыстық, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағаларымен болған тағылымды кездесуде ақсақалдардың ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтудағы рөліне тоқталды. Аға буынның өмірлік тәжірибесі мен ой-пікірі қашанда маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, ел ағаларының ұсынысы мен ақыл-кеңесі әрдайым ескерілетінін жеткізді.
Ардагерлер облыс басшысының алдағы істеріне сәттілік тілеп, алғашқы қадамды жиналыстан емес, киелі орынға тағзым етуден, келелі кездесуден бастағанына ризашылық білдірді. Сапар аясында Мұрат Ергешбаев Марал ишан кесенесіне де арнайы ат басын бұрып, ондағы жаңғырту жұмыстарын көрді. Айта кетейік, Жосалы кентінен шығысқа қарай 18 шақырым жердегі кесененің төлқұжаты облыстық бюджет есебінен жаңартылып, қорғау тақтасы орнатылған.