#qyzylordatv
Қармақшы ауданындағы Ақжар ауылында білім саласының ардагері Сәден Нұртаев атындағы «Қазақстан тарихы» пәні бойынша республикалық олимпиада ұйымдастырылды. Биыл сегізінші мәрте жалауын желбіреткен білім додасы 9-10 сынып оқушылары арасында өтті.
Сәден Нұртайұлы саналы ғұмырында өскелең ұрпақты өнегеге баулыған ұлағатты ұстаз. Білікті педагог еңбек жолын қарапайым мұғалім боп бастаған сәттен-ақ, шәкірттерін тек қалыптасқан қағидаға сай бір сүрлеумен оқытпады. Қарымды қаламгер, зерделі зерттеуші, тағылымды тарихшы ретінде қайраткерлік қырымен жастарға жол көрсете білді.
СӘКЕН СЕРІКБАЕВ – «ӨРЛЕУ» БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» ҚОФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Олимпиаданы бұл мектепте өткізудің себебі Сәден Нұртайұлы ұзақ жылдар осы мектепте директор болып еңбек еткен. Республикалық олимпиаданы алғаш цифрлық олимпиада деп атауға болады. Өйткені, бұған барлық біздің ауданнан және өзге облыстардан 9-10 сынып оқушылары қатысады. Бірінші аудандық, қалалық кезеңде орын алғандар бізге келіп, осы кезеңнен өтеді. Бұл цифрлық болғаннан кейін ешқандай қағаз қолданбайды, үш турдан өтеді. Басты мақсат – жас дарынды оқушыларды анықтау біріншіден және Отансүйгіштікке тәрбиелеу болып табылады.
Білім додасына Қызылорда және Түркістан облыстарынан іріктелініп алынған ең үздік оқушылар қатысты. Олар үш кезең бойынша бақ сынады. Яғни, алғашқы турда оқушылар Google Forms платформасында жедел тест тапсырса, онан кейін TEDx форматы арқылы туған өлкенің тарихы, үлгілі ісімен дараланған тұлғалар төңірегіндегі сауалдарға жауап берді. Осы екі кезеңнен мүдірмей өткендер Сәден Нұртаевтың өмірі мен мұрасына негізделген тарихи кейс-стади сұрақтарына жауап берді.
БАҚТЫГҮЛ МАТЕКОВА – «ӨРЛЕУ» БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША КӘСІБИ ДАМУ ИНСТИТУТЫНЫҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ
Жалпы ұстазға құрмет бұл ұлтқа құрмет. Бұл олимпиада жас ұрпаққа туған өлкенің тарихына деген құрмет сезімін, патриоттық сезімін қалыптастыруға ұлкен үлес қосады. Біз Түркістан облысынан келіп отырмыз. Қатысушыларды алып келдік. Бұған дейін бас бәйге мен бірінші және екінші орынды жеңіп алып келеміз.
Білім бәйгесінің қорытындысы бойынша 9 сынып оқушылары арасында Жалағаш ауданы Әбдікәрім Оңалбаев атындағы №117 орта мектептің оқушысы Арсен Кеңесбек жеңімпаз атанды. Ал, 10 сынып оқушылары арасындағы сында Қармақшы ауданындағы №99 орта мектептің оқушысы Алмас Кеңесов жеңіс тұғырынан көрінді.