#qyzylordatv

Бүгінде өңірде зейнеткерлікке шыққан 90 мыңға жуық ардагер бар. Олардың әлеуметтік жай-күйін қадағалап, қоғамдағы елеулі мәселелерге үн қосу облыстық ардагерлер кеңесіне жүктелген. Аталмыш ұйым мүшелері Арал ауданында бас қосып, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау бағытында атқарылып жатқан бастамаларды кезекті көшпелі семинарда талқыға салды.

Қазыналы қариялар елге ес болса, жастар өнеге жолынан табылары анық. Сондықтан ең әуелі үлкендер үлгі үдесінен көрінуі тиіс. Осы рухани өре мен ұлт тәрбиесі туралы тақырып ардагерлер кеңесінің алқа отырысында кеңінен талқыланды. Бүгінде аталмыш ұйым мүшелері атқарушы билікпен етене еңбек етіп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп отырады. Жиында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев алдымен айдынды өлкеде жүзеге асып жатқан әлеуметтік-экономикалық жобаларға тоқталып, халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады. Мұнан соң, аудандық аудандық ардагерлер ұйымымен бірлесіп атқарған жұмыстарды атап өтіп, қариялардың ұсыныс-тілектері назардан тыс қалмай келетіндігін жеткізді.

АМАНЖОЛ ОҢҒАРБАЕВ – АУДАН ӘКІМІ

 Арал аудандық ардагерлер ұйымының қатарында қазіргі таңда 8919 ардагер бар. Оның ішінде 3080-і ер азаматтар. Ардагерлеріміздің арасында 259 тыл ардагері бар. Аудан әкімідігі мен аудандық ардагерлер кеңесінің бірлескен жұмыстың нәтижесінде мәдени-рухани спорттық және қоғамдық бағытта көптеген шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Аймақ ардагерлерінің әлеуметтік ахуалы басты назарда. Мәселен өткен жылы 1700-ге жуық зейнеткерге бір реттік көмек көрсетілсе, әлеуметтік жағдайы төмен 151 қария тұрақты бақылауға алынған. Мұнымен қоса, 130-дан астам ардагер еліміздің түрлі шипажайларында тынығуға мүмкіндік алды. Бұл бағыттағы бастамалар биыл да жалғасын таппақ.

 СЕРІК ДҮЙСЕНБАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

 Президентіміз айтқандай,ардагерлер ел бірлігінің алтын арқауы. Біз тек өткеннің шежіресі ғана емес болашақтың бағдаршасымыз. Алдағы уақытта да аға буын өкілдері елдің дмауына өз үлестерін қоса береді деген сенімдемін. Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің тіркеуінде 68 мың 793 ардагер, 34 салалық, 770 бастауыш ардагерлер ұйымы біріктірілген. Соның ішінде Арал аудандық ардагерлер кеңесіне қарасты 67 бастауыш ұйымы бар. Онда 8878 ардагер бүгінгі күні қамтылған. Ардагерлеріміз жастар арасындағы тәрбиеге көңіл бөліп, жиі кездесулер өткізіп, еңбекке, білімге, ізденімпаздыққа, салауаттылыққа тәрбиелеу жөнінде ой бөлісіп, бағыт-бағдар беріп отыруы тиіс.

 Көшпелі семинарда ардагерлер ұйымдарының жұмыс тәжірибелері талқыланып, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау, жастар тәрбиесіне бағытталған жұмыстардың өзекті мәселелері сөз болды. Жиын соңында қоғамдық жұмыстарға қосқан елеулі үлесі мен өңірдің дамуына сіңірген еңбегі үшін бірқатар ардагер Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің медалімен, облыстың «Құрметті ардагері» төсбелгісімен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.

 Ардагерлер жиыннан соң «Арал сервистік дайындау орталығының» жұмысымен танысты. Кәсіпорын жылына 5 мың тоннаға дейін балық өңдеп, елімізден бөлек, Еуропа мемлекеттеріне, Қытайға, Ресейге және Орталық Азия елдеріне экспорттауда. Қазыналы қариялар балықшылар аллеясына барып, музей қорындағы құнды мұраларды тамашалады. Сондай-ақ Қамыстыбас ауылдық округіндегі Аққұмшық жағайынының тыныс-тіршілігімен танысып, көл жағалауында тынықты.

 Сапар соңында облыстық ардагерлер кеңесі Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешеніне аялдап, баба рухына құран бағыштады.