#qyzylordatv 

Қазақстан шикізатқа тәуелді экономиканы әртараптандыруға көшіп, неғұрлым орнықты моделді қалыптастырып жатыр. Халықаралық сарапшылар осындай ақпарат таратты. Reuters сайтына жарияланған World Impact Media Organization талдауында ел экономикасының қазіргі ахуалы нақты статистика мен халықаралық көрсеткіштер негізінде сараланған. Сарапшылар Қазақстандағы экономикалық өзгерістер мен өсімнің негізгі факторларына ерекше тоқталған.


 World Impact Media Organization – әлемнің әр өңірінен экономикалық, әлеуметтік және кәсіпкерлікке қатысты сараптамалық материалдар жариялап, жергілікті бастамаларды жаһандық деңгейде насихаттайды. Қазақстан туралы мынадай деректер келтірілген.

Былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6,5% өсті. Ал биыл бес айдың өзінде тағы 3,7%-ға ілгеріледі. Мұндай көрсеткіш бір ғана бағытты қамтып отырған жоқ. Сонымен қатар, халықаралық инвестиция көлемі де артып келеді. Бұл ел экономикасының шикізатқа ғана тәуелді емес екенін көрсетіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, мұндай нәтиже экономиканы әртараптандыруға бағытталған саясаттың жемісі. Қазақстанда соңғы жылдары мұнайдан тыс салаларды дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. КЕСТЕ: Құрылыс 13,4, өндіріс 9, көлік 8,4, сауда 5,6, ауыл шаруашылығы 3,6 ал телекоммуникация 3,7 пайызға ілгерілеген. Осылайша Әлемдік экономика баяулап, инвестиция үшін бәсекелестік күшейген кезеңде Қазақстан өсімді сақтап қана қоймай, оның баламалы көздерін тауып отыр. 


 Шетелдік капиталды тарту үшін экономикалық көрсеткіштер ғана емес, елдің халықаралық беделі де маңызды. Әлемдік қауымдастық сенім білдіретін, экономикасы тұрақты әрі дипломатиялық байланыстары мығым мемлекеттер инвесторлар үшін тартымды. Сондықтан, оң халықаралық имидж жаңа инвестициялардың келуіне ықпал етеді.


Британ сарапшылары да Қазақстанда экономикасының дамуын жоғары бағалап отыр. Елде шағын және орта бизнеске жіті назар аударылып, мұнай және газдан алшақтаған, әртараптандырылған экономика дамып келеді. Әсіресе ауылшаруашылық саласы бойынша ілгерілеу байқалады дейді мамандар. 


 Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан экономикасы жаңа даму моделіне бет бұрды. Қазір өсімнің негізгі қозғаушы күші – инвестиция, өндіріс, логистика мен агроөнеркәсіп секілді стратегиялық салалар. Бұл экономиканы теңгерімді етіп, сыртқы сын-қатерлерге төзімділігін арттырып келеді.