#qyzylordatv 

Өңірде өсірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының суды тұтынуы мен суару режимдерін нақтылау үшін Жерді қашықтықтан зондтау деректері мен жерсеріктік картаға түсіру технологияларын пайдалану көзделіп отыр. Бұл бастама Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі 4-ші іс-қимыл бағдарламасының «Ауыл шаруашылығы дақылдарын суару режимін нақтылау үшін озық әдістерді енгізу» атты жобасында бекітілген.


Тың бастама «Су тұтынуды және ауыл шаруашылығы дақылдарын суару режимдерін оңтайландыру үшін Жерді қашықтықтан зондтау деректері мен жерсеріктік картаға түсіру технологияларын пайдалана отырып, Сырдария өзені бассейні аумағының гидромодульдік аудандастырылуын түзету» семинарында айтылды. Жобаның мақсаты – жерсеріктік деректер мен климаттың өзгеру сценарийлерін интеграциялау негізінде Қазақстан мен Өзбекстандағы Арал теңізінің қосалқы бассейндеріндегі суға деген қажеттілік пен су ресурстарын картаға түсіруді жаңарту. Халықаралық жобаны Франция мемлекеті қаржыландырып отыр. Су шаруашылығын зерттейтін ғылыми орталық мамандары егістік жерлердің онлайн интерактивті картасын ғаламтор желісіне орналастырып, оны ашық дерек көз арқылы бақылауға болады, дейді. 


ШАВКАТ КЕНЖЕБАЕВ – МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҮЙЛЕСТІРУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ Қазіргі кезде суды теңдей үйлестіру өте маңызды мәселе. Ол үшін бұл жобаның маңызы зор. Егін шаруашылығын су көлеміне қарай есептеу қажет. Яғни, ғылыми тұрғыда озық технологияларды пайдалануға көшуіміз қажет. Өзбекстан тарапы қазір суармалы жерлерде каналдарды бетондау, автоматтандыруға үлкен көңіл бөлуде.


Халықаралық семинарда екі елдің су мамандары егістік алқаптарға су үнемдеу технологиясын кеңінен пайдалану бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Соның бірі – Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары су ресурстарын шығынсыз пайдалану мақсатында өндірістік аймақтағы егістікке орнатқан «Сайман» су есептеу инновациялық құрылғысы. Толықтай автоматтандырылған заманауи жүйе алқапқа берілетін судың көлемін және жердің ылғалдылығын есептейді. 


 ЖАНҰЗАҚ БАЙМАНОВ – Ы.ЖАҚАЕВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ КҮРІШ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЗИ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ 

 Бүгінге дейін ауылшаруашылық дақылдарын суару нормалары бұрынғы кезде жасалынған. Ал қазіргі кезде мүлдем өзгеше. Топырақтық климаты пен ауа райы өзгеше. Нақты қазіргі кезге бағытталған жағдайда тәсілдерді қолдану арқылы судың нақты қажетті мөлшерін анықтау өте өзекті болып табылады. Осы бағытта біздің Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ біршама жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда,, су тапшылығына биімделген күріштің жаңа сорттары, вегетациялық кезеңі осы бағытта айтылды. Суды үнемдеудің ең басты тәсілдері есепке алу. Біздің өндірісте автоматтандырылған су өлшеу құрылғылары жұмыс істеп тұр.


Қазір мамандар суды үнемді пайдалану жолдарын зерделеп, аталмыш салаға цифрлық платформалар мен жасанды интеллект элементтерін енгізуде. Алдағы уақытта бұл тың бастама трансшекаралық өзен бойындағы өзге де мемлекеттерге ұсынылмақ.