#qyzylordatv #тазақазақстан
Енді тазалыққа немқұрайлы қарау қымбатқа түседі. Шілденің бірінен бастап елімізде абаттандырудың жаңа ережелері күшіне енді. Яғни әрбір меншік иесі өз нысанына ғана емес, іргелес жатқан аумақтың тазалығы мен күтіміне де жауап береді. Тұрғындарға заң талаптарын түсіндіру үшін «Қызылорда тазалығы» мекемесі мен полиция қызметкерлері бірлескен рейдке шықты. Тілшіміз Аида Әбсаттар әңгімелейді.
Енді жеке үй иелері іргелес аумақты таза ұстауға міндетті. Арамшөп қаулап өсіп, қоқыс пен құрылыс қалдықтары бей-берекет жатса, айыппұл арқалауыңыз әбден мүмкін. Рейд барысында осындай олқылықтар бірден көзге түсті. Әзірге құзырлы органдар түсіндірме жұмыстарымен шектелуде.
Жауапты мамандар тұрғындарға қолданыстағы заң талаптарын түсіндіріп, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ескерту жасады. Айтуларынша, алдымен тұрғындарға 24 сағат уақыт беріледі. Егер осы мерзім ішінде заң талаптары орындалмаса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, заң аясында тиісті шаралар қолданылады.
Жауапты мекемелер қала аумағында тазалық пен абаттандыру қағидаларының сақталуын тұрақты түрде бақылауда ұстамақ. Шын мәнісінде қоршаған ортаны ластамау – ортақ іс. Айналаңның таза болғаны бәрімізге жақсы емес пе?