#qyzylordatv
Отбасы құндылықтары мен ұлттық өнерді дәріптеген қос байқау қорытындыланды. «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының қалалық кезеңі мен «Ел іші – өнер кеніші» дәстүрлі шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Бір сахнада өткен қорытынды шарада алдымен «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің нәтижесі жарияланды. Биыл байқауға қала бойынша 22 отбасы құжат тапсырса, комиссия шешімімен алты отбасы финалдық кезеңге өтті. Нәтижесінде Бодановтар әулеті бірінші орынды иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды.
АЙДЫН ҚАЙРУЛЛАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Бұл екі шараның да қаламыздың мәдени, рухани өмірінде алатын орны ерекше. Осы ретте аталған қос байқауға қатысқан барлық мәдениет үйлерінің ұжымдарына, көркемдік жетекшілерге, өнерпаздарға және ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығымызды білдіреміз.
Байқауда отбасының татулығы, еңбекке адалдығы мен ұрпақ тәрбиесіндегі өнегесі сараланды. Бірінші орын алған жанұяның отағасы Бодан Қалыбаев саналы ғұмырын механизаторлық еңбекке арнаған. Бүгінде 28 немере мен 18 шөберенің қызығын көріп отырған қария бұл марапатты бүкіл әулеттің ортақ қуанышы деп бағалайды.
БОДАН ҚАЛЫБАЕВ, БОДАНОВТАР ӘУЛЕТІНІҢ МҮШЕСІ
Осындай мынау марапатқа ие болып бірінші орын алып жатқаныма қуаныштымын. Бұл жалғыз менің қуанышым емес, бүкіл әулетімнің, балдарымның, қыздарым, немере-шөберелерімнің қуанышы деп ойлаймын. Бұның барлығы осы денсаулығында деп ойлаймын. Дені сау болса, бәрінде береді дейді ғой. Ауызбіршілік, балдарымның, қыздарымның, немерелерім, құдай қосқан қосағымның арқасында деп ойлаймын осы қуаныштың барлығы.
ҒАЛЫМЖАН БОДАНОВ, Б.ҚАЛЫБАЕВТЫҢ ҰЛЫ
Мерейлі отбасынан 1 орын иегері атандық. Әкем Қаракөл совхозында механизатор болып жұмыс істеді. Немересі, шөбересі барлығын ұлын ұяға, қызды қияға қондырып, әкеммен мақтанамын, әкемнің көп жылдар бойы айтып келгені ұлым әрқашанда қай жерде болса да биіктен көрінуге тырыс деп.
Салтанатты кеш «Ел іші – өнер кеніші» байқауының қорытынды марапаттау рәсімімен жалғасты. Бірнеше аптаға созылған мерекелік концертте ауылдық округтер мен кенттердің өнерпаздары ұлттық өнердің үздік үлгілерін сахналап, ән мен күй, терме мен жырдан шашу шашты. Қазылар шешімімен Бас жүлде Қызылжарма ауылдық мәдениет үйіне бұйырды.
РҮСТЕМБЕК ҚОЖАБЕКОВ, ҚЫЗЫЛЖАРМА МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Бұған дейін де бірнеше рет бас жүлде алып, осындай жеңістерге жетіп жүрміз. Себебі мен ойлаймын ұжымдағы ауызбіршіліктің, ұйымдастыру қабілеті жоғары екенін, қазіргі заманмен бірге жүргендігі деп ойлаймын. Бұл тәжірибе алмасуға өте таптырмайтын жақсы үлкен іс-шара деп ойлаймын.
Осылайша, қорытынды кеште өнегелі отбасыларға құрмет көрсетіліп, үздік өнер ұжымдары марапатталды. Ән мен күй, терме мен жырға өрілген мерекелік концерт көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.