#qyzylordatv
Мәдени ақпар. Жуырда Елорда төрінде бір мезетте 2 мыңнан астам көшен көрпе мен арғымақ жастық жайған ақ жаулықты аналарымыз халықаралық рекордтар кітабына енді. Мың жылдық мұраны мәртебелеген мың шебердің қатарында Сыр өңірінің ісмерлері де бар. Төл өнерді төрге оздырған аналарға отбасы орталығында құрмет көрсетіліп, еңбектері дәріптелді.
Көшен көрпе – атауы айқындап тұрғандай бұл көшпенділер дәстүрінен бастау алған ерекше жәдігер. Көрпе көктеу оңай шаруа емес. Мұнда барлығы қол күшімен жасалады. Сондықтан, әлемдік рекорд орнатуға еліміздің әр аймағындағы қолөнер шеберлері бір ауыздан атсалысыпты. Төрт ай төккен тер текке кеткен жоқ. Көрмеге қойылған 1031 көшен көрпе мен 1006 арғымақ жастық талайдың таңданысын тудырды. Осылайша, этнорекорд ресми түрде тіркелген. Ерекше жобаға біздің өңірден 58 ісмер үлес қосты.
АЛТЫНАЙ БЫЛАЕВА – «АЗАМАТТАРДЫҢ БАСТАМАЛАРЫН ҚОЛДАУ» ҚҚ ТӨРАҒАСЫ
Жас ерекшеліктері, бізде ешқандай шектеу жоқ, яғни, бізде оқушыдан басап 70-тен асқан аналарымызға дейін бар, жас келіншектер де бар, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі перзенттері бар аналарымыз да ортамызда бар. Әр шеберіміздің өзіндік ерекшелігі бар, біреуі жүннен жасайды, біреуі ою ояды, біреуі құрақ құрайды...
Қазір техника түрленді, барлық бұйым цехтарда үлкен құрылғылармен жасалады. Дегенмен, көрпе көктеу көнерген жоқ. Рекордтық ретке енген Астанадағы айтулы жоба осының дәлелі. Бір қызығы, қазақтың дәстүрлі құндылығы осылай әлемдік деңгейде насихатталуына грекиялық этнодизайнер Аселина Батыр мұрындық болыпты. Отбасы орталығындағы салтанатты жиында мәдени мұраны әлемдік деңгейде дәріптеген аналарға құрмет көрсетілді.
ШАЙХЫ ӨТЕПОВА – ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ
Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінен келіп тұрмын. Мен осы қолөнермен айналысқаныма 5 жылдың жобасы боп қалды. Өте керемет әсерде болып қайттық, ол жердегі атмосфераны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өйткені ол жерде толқыныс та, толғаныс та болды, рекорд орнайды, орнамайды дегендей. Отбасында менің жолдасым темір жонады, ал мен көрпе жонам...
ЗӘУРЕНАЙ ӘБІШЕВА – ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ
Мен 3 жыл болды дербес зейнеткермін. Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылынан келіп отырмын. Бала күнімнен өзім айналысып келе жатқан нақты мамандығым осы тігін. Маған ұсыныс айтылды, осыған бара аласыз ба деп. Сонымен шамалы жүрексінсем де қатысып, мың ананың бірі болып мен де көрпемді жайып, үлесімді қосып келдім
Бір сөзбен, «Көшен көрпе» жобасы ұлттық құндылықтың қайнарын дүниежүзіне паш еткен бірден-бір бастама. Демек, бұл бір реттік шара болмауы тиіс. Сондықтан, отбасы орталығына топтасқан аналар асыл аманатты аяқсыз қалдырмауға уағдаласты.