#qyzylordatv
Бүгін Үкімет отырысында бірінші жартыжылдық қорытындыланды. Жиында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру үшін экономиканың қазіргі даму қарқынын сақтап қана қоймай, оны одан әрі жеделдету қажет екенін және Үкімет мүшелері мен өңір әкімдері өз салалары мен аймақтарында жоспарланған өсім көрсеткіштеріне қол жеткізуге тікелей жауапты екенін атап өтті. Селектордан соң облыс әкімі Мұрат Ергешбаев күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша арнайы мәжіліс өткізіп, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.
Аймақта негізгі макроэкономикалық көрсеткіштің оң динамикасы сақталып отыр. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 14 пайызға артқан. Инвестиция тарту бойынша Үкімет бекіткен 789 млрд теңгенің 339 млрд теңгесі өңірге тартылып, жоспар 43 пайызға орындалған. Дегенмен, бірқатар ауданда өнеркәсіп өндірісі, негізгі капиталға салынған инвестиция көлеміне қатысты жоспар орындалмаған.
СӘКЕН МЫРЗАБЕК – ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ҚАРЖЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Жалпы жыл басынан бері әлеуметтік-экономикалық дамудың оң тенденциясы қалыптасуда. Дегенмен, өнеркәсіп саласында Шиелі, Жаңақорған, Қармақшы аудандары бірнеше ай қатарынан теріс динамика көрсетіп келген болатын. Осы орайда облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Еренғалиұлының төрағалығымен ай сайын өткізілген мәжілісте қабылданған шаралардың нәтижесінде Қармақшы, Жаңақорған аудандары 6 айдың қорытындысымен оң динамика қалыптастырды. Экономикалық өсімді қалыптастыруға әсер ететін өндірістердің жұмысын жандандырып, одан қалды қуаттылығын арттырудың барлық мүмкіндіктерін қарастыру бюджеттік инвестициялық жобалардың мерзіміне сәйкес іске асырылуын ауыл шаруашылығы мен сауданың қарқын алып жатқанын қолайлы кезеңде статистикалық есептіліктің жүргізілуін қамтамасыз ету арқылы жыл аяғына дейінгі жоспарланған межені орындауға мүмкіндік бар деп есептейміз.
Жиында облыс әкімі салаға жетекшілік ететін жауапты сала басшылары мен аудан әкімдеріне негізгі көрсеткіштерге талдау жасап, өңдеу өнеркәсібін дамытудың негізгі тетіктерін анықтауды тапсырды. Сондай-ақ, Мұрат Нәлқожаұлы тиісті басқарма басшылары мен қала және аудан әкімдеріне жыл аяғына дейін республикалық бюджеттен бөлінген қаржыларды жиынтық жоспарға сәйкес толық игеру қажет деді.
МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ
Бюджет кірістері бойынша 2026 жылдың 1 шілдесіне облыс бойынша өз кірістеріміз 111,9 пайызға орындалды. Артық түскені 7,9 млр теңге. Республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер мен облыс бюджеті 100 пайызға толығымен игерілді. Басқарма басшылары, Қызылорда қаласы және аудан әкімдері жыл аяғына дейін қаржыларды жиынтық жоспарға сәйкес толық игеруді қамтамасыз етіңіздер.
Мәжілісте күн тәртібінен тыс елді мекендердің бас жоспары, мерзімді әскерге шақыру науқанының қорытындысы мен алдағы кезеңге дайындық барысы және суға шомылуға арналған орындар мен рұқсат етілмеген су айдындарында рейдтік іс-шараларды күшейту мәселелері қаралды. Аймақ басшысы төтенше жағдайлар мен полиция департаменті қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізуді және балалардың қауіпсіздігін қатаң бақылауға алуды тапсырды.