#qyzylordatv 

Арал ауданында бірден екі зауыт іске қосылды. Бірі – жылына 400 тоннаға жуық түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығарса, екіншісі жоғары сұрыпты ас тұзын өндіреді. Өңірдің әлеуметтік-экономикасына тың серпін береетін қос нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты. Сондай-ақ, аймақ басшысы бірнеше елді мекеннің тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. 


Мемлекет басшысы «Жаңа инвестициялар ең алдымен еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы керек» деген болатын. Бүгінде аймағымызда қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Соның бірі – түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын зауыт. Жылына 400 тоннаға жуық өнім шығаратын жаңа кәсіпорын үшін мемлекеттен 1 гектар жер телімі берілген.


ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ 

Зауыт қажетті инфрақұрылыммен толық қамтылған. Атап айтқанда, сүт қабылдауға арналған 10 арнайы резервуар мен бірнеше сүт тасымалдайтын автокөлік сатып алынған. Өндіріс орны тәулігіне 20 мың литрге дейін түйе сүтін өңдеуге қауқарлы. Алдағы уақытта нарықтағы сұраныс көлеміне қарай өндірістік қуатты кезең-кезеңімен арттыру жоспарлануда.


 Жаңа зауыт тұрғындар үшін де тиімді болмақ. Күнделікті өндіріс орнына түйе сүтін өткізіп, тұрақты табыс табуға мүмкіндік алады. 


МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ 

Өңіріміз үшін маңызды жаңа өндіріс орындары облыс экономикасын әртараптандырып, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға жаңа серпін береді деп сенемін.«Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы Қытай Халық Республикасынан қажетті технологиялық жабдықтарды сатып алуға 1,8 млрд. теңге қаржы қарастырылды.