#qyzylordatv
Облыс әкімі «TUKIB» түрік-қазақ кәсіпкерлері қауымдастығының өкілдерімен кездесті. Кездесуде өңірде инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.
Мұрат Ергешбаев жиында «Қазақстан Зираат Банкінің» Қызылорда қаласында филиалын ашып, өңірдегі кәсіпкерлердің қаржы ресурстарына қолжетімділігін арттыруды ұсынды. Аймақтың қарқынды дамуын ескере отырып «Қазстройподряд» компаниясымен облыс орталығында заманауи сауда және ойын-сауық орталығын салу, «Тиряки Холдингпен» бірлесіп керамикалық плита және санитарлық бұйымдар өндірісін іске қосу мәселелеріне тоқталды. Өңдеу өнеркәсібінде «YDA Holding»-тің тәжірибесін пайдаланып, жаңа өндірістік жобаларды жүзеге асыруға, «Mir Yıldız» компаниясының қатысуымен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге шақырды.
Өңірдің көлік-логистикалық әлеуеті жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты «Қорқыт Ата халықаралық әуежайын» сенімгерлік басқаруға алу мүмкіндігін қарастыру және халықаралық хаб ретінде дамыту, «Alarko Holding»-пен жоғары технологиялық жылыжай кешенін, «Aksa Energy»-мен бірлесіп ет өңдеу комбинатын салу бағытында ынтымақтастық орнату ұсынылды.
Кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, бірлескен жобаларды жалғастыруға ниетті екенін білдірді.