#qyzylordatv
Облыс орталығында 600 мың кітап қорын сақтауға арналған Президенттік кітапхананың құрылыс барысы талқыланды. Еске салайық, Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Қызылорда қаласында тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу жөнінде тапсырма берілген болатын.
Аталған жоба инвестор Эдуард Огайдың демеушілігімен жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы құны 20 млрд теңге. Ғимараттың ауданы 13 мың шаршы метр. 3 гектар жер телімі бөлінген. Үш қабатты ғимаратта конференция, оқу, электрондық кітапхана, облыстық тарих және басылымдар, архив және сирек қор залдары, әлем әдебиеті бөлімі және галереялар, балалар аймақтары, коворкинг, фудкорт, қалпына келтіру шеберханасы, типографиясы болады.
Нысанды қажетті инженерлік-коммуникациялық желілермен қамтамасыз ету үшін барлық техникалық шарт алынған. Құрылыс алаңында жер қазу басталып, жерасты суының деңгейін төмендету жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың «Tansu Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Николай Ким, «Vertex Holding» бас директорының орынбасары Ирина Кенжетаева, күрделі жобалар бөлімінің басшысы Майра Усипбекова және «Астел-К» серіктестігінің бас инженері Бахадыр Садыковпен кездесуіндеде кітапхана құрылысы кеңінен талқыланды.