#qyzylordatv 

Солтүстік Арал теңізіндегі су көлемі алдағы жылдары 34 млрд текше метрге дейін ұлғайтылмақ. Ол үшін Көкарал бөгеті қайта жаңғыртылып, теңізді сумен толықтыруға бағытталған жаңа жоба іске асырылады. Бұл туралы өңірімізге жұмыс сапарымен келген Су ресурстары және ирригация министрі мәлімдеді. Нұржан Нұржігітов Арал балықшылармен кездесіп, Солтүстік Арал теңізін сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.


 Министрдің сөзінше, қазір Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Солтүстік Аралды сақтауға арналған жобаның екінші кезеңі әзірленіп жатыр. Көкарал бөгетін реконструкциялау - су көлемін арттыруға мүмкіндік береді. «Солтүстік Аралдағы су көлемін 2030 жылға дейін 34 млрд текше метрге жеткізу жөніндегі іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр», – деді Нұржан Нұржігітов. Статитискаға сүйенсек, 2025 жылдың 1 қазанынан бері Сырдария арқылы Солтүстік Арал теңізіне 1,4 млрд текше метр су жіберілген. Қазір теңіздегі су көлемі 23,5 млрд текше метрді құрайды. Соның нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда судың тұздылығы орта есеппен 10%-ға төмендеген. 

     Балық шаруашылығы да қарқын алып келеді. Биылғы жылдың алғашқы алты айында Солтүстік Аралдан 4,2 мың тонна балық ауланған. Мамандар жаңа жоба толық іске асқаннан кейін теңіз экожүйесі қалпына келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді деп күтіп отыр.