#qyzylordatv
Сырдария ауданында соңғы алты айда экономиканың барлық саласында тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіші ілгеріледі. Бүгінде аудан бюджеті 13 млрд теңгеге жетіп отыр. Осы арқылы кәсіпкерлікті кеңейту, ауыл шаруашылығын дамыту және инфрақұрылым тарту бағытында бірқатар байыпты бастамалар жүзеге асырылуда. Бұл туралы аудан әкімі Берік Сәрменбаев брифинг барысында баяндады.
Ел дамуында жетістікке жетудің бірден-бір жолы – экономиканың тұрақты өсімі. Бұл бағытта Сырдария ауданында ауқымды істер жүзеге асты. Жыл басынан бері бюджет 20,9 пайызға ұлғайған. Ал аудандағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 55 млрд, 800 млн теңгеге жетіп, көрсеткіш 4 есеге өскен.
БЕРІК СӘРМЕНБАЕВ – СЫРДАРИЯ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Ауданда кәсіпкерлік саласын дамытуға әркез басымдық беріліп келеді. 2026 жылдың бірінші шілдесінде негізгі капиталға 42,5 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 3 пайызды құраса, бөлшек сауда көлемі 1,7 млрд теңге болып, 100 пайызға орындалды...
Сырдария - ауыл шаруашылығы дамыған аудандардың бірі. Биыл диқандар 32 мың гектардан астам алқапқа түрлі дақылдар ексе, оның 18 мың 541 гектары күріш. Су тапшылығына байланысты агросаланы әртараптандыру ісі қарқын алған. Мәселен, ауданда жүгері өндірісін дамытуға арналған ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Аталмыш дақылды терең өңдеуге арналған зауыт құрылысына 40 млрд теңге инвестиция тартылған.
БЕРІК СӘРМЕНБАЕВ – СЫРДАРИЯ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Биылдың өзінде 783 гектар ектік. Енді келер жылы бұдан да көп егуге жұмыс жасап жатырмыз. Қазір шаруашылықтар құрылыстың бірінші кезеңі біткенін көріп, өздерінің еккен дақылдарын жақсылап күтіп баптауда.
Ауданда тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарында да серпін бар. Жыл басынан бері 10 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Жол жөндеу және электр желілерін жаңарту бағытындағы жобалардың дені биыл аяқталады. Ал, аудан халқы толықтай сапалы ауыз сумен қамтылған. Газдандыру көрсеткішінде де елеулі өзгерістер бар.
БЕРІК СӘРМЕНБАЕВ – СЫРДАРИЯ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
2025 жылы газдандыру жобаларын жүзеге асыруға 4 млрд теңге бөлініп, Нағи Ілиясов, Шаған ауылдары табиғи газға қосылды...
Аудан әкімінің айтуынша, алдағы кезеңде өнеркәсіп өндірісін дамытып, өңдеу секторын кеңейтуге басымдық берілмек. Бұл ретте тағы да бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асады. Сондай-ақ, кәсіпкерлік саласын түлетіп, тұрғындардың тұрмысын түзеу де көзделген.