#qyzylordatv 

Маңызды ақпар: Қызылорда облысы құрылыс өсімі бойынша жетекші аймақтың бірі атанды. Яғни, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 31,3 пайызға ұлғайған. Осылайша Сыр өңірі 17 аймақтың ішінде Ұлытау облысынан кейін екінші орынға жайғасты. Саладағы серпін турасында әріптесім Елжас Әбділда тарқатады. 


 Құрылыс ел экономикасындағы жетекші сала. Жасыратын несі бар, бұрын қаражаттың көбі тек үлкен мегаполистерге бағытталатын. Қазір жағдай өзгерді. Мәселен, шет қалған Ұлытау облысында биыл құрылыс қарқыны 3 есеге өссе, Сыр өңірінде 31 пайызға ұлғайып отыр. Аймақтың құрылыс көрсеткішін таразылағанда Сырдың сол жағалауын айналып өте алмаймыз. Бір кездері жыңғыл, жейде басып жатқан атырап қазір келісті шаһарға айналып келеді. Тарих үшін қас-қағым сәтте мұнда 200-ден астам нысан бой көтеріп үлгерді.


 ЕЛЖАС ӘБДІЛДА – ТІЛШІ  

Бұл жайылып жатқан жазық жазира емес еді, дария деңгейінен төмен ойдым жерден ойдағыдай қала салу оңай шаруа болмады. Дегенмен, Сырдың сол жағалауын игеру идеясы тар тартпада, қағаз күйінде қалып қойған жоқ. Айналдырған 10 шақты жылдың бедерінде құм дала – шын қалаға айналды. Қазір мұнда мың гектардан астам аумаққа әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер салынып жатыр


 Жалпы сол жағалауды игеру 2009 жылы қаланың бас жоспарына енгізілген. Бірақ ену мен сену бөлек болды. Нақты жұмыс жоспарлы жобадан 9 жыл өткеннен кейін басталған. Бірақ көштен қалғанымыз жоқ. Бүгінде еліміздегі ең жаңа стадионнан бастап, теңдессіз теннис кешені, заманауи музей мен білім, медицина нысандары бой көтерді. Ал тұрғын үй салу көрсеткіші бойынша да қарқын төмендеген жоқ. Жыл соңына дейін 25 мыңнан астам жұртшылықтың баспана мәселесі шешілмек.


 ЕРЛАН ТӨРӘЛИЕВ - ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ  

 Ерекше айту керек, біздің облыста тұрғын үй құрылысы өте қарқынды жүруде. Бұл көрсеткіш бойынша біз өткен жылы 939 мың шаршы метр тұрғын үйлерді пайдалануға бердік. Республика бойынша алғашқы қатарға шықтық. Биыл да жұмыстың қарқыны өсуде. Биыл құрылыс саласына бюджеттен 174 млрд теңге бөлінді. Оның көбісі 83 пайызы 145 млрд теңге тұрғын үйлерді салуға...


 Соңғы 4 жылда өңірде 272 әлеуметтік нысан мен 1016 тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал биыл 6 мың 200-ге жуық пәтер құрылыс мекемелерінен сатып алу межеленіп отыр. Олардың дені әлеуметтік осал топтағы азаматтарға табысталмақ. Сондай-ақ, сол жағалауда бірнеше ауқымды әлеуметтік нысан салынуда. Соның бірі 300 емделушіге арналған көпбейінді аурухана. Мұнда құрылыс жұмыстары дамылсыз жүріп жатыр. Заман талабына сай медициналық кешен биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.   


 ЕРЛАН ТӨРӘЛИЕВ - ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ  

 Өте үлкен, алаңы 57 мың шаршы метр, құны 54 млрд теңге. Бұл құрылыс 2023 жылы басталды. Биыл біз үшінші жыл салып жатырмыз, биыл бітіреміз. Қазіргі таңда жұмыстар аяқталуға жақындады. Қазір абаттандыру, ішкі сырлау жұмыстары жүріп жатыр. Сыртқы қаспеті бітуге жақындады. Қазан, қараша айларына дейін толық бітеді...


 Сондай-ақ, биыл Титов қыстағындағы 400 орындық емхана мен «Қызылорда арена» спорт кешенінің де құрылысы аяқталмақ. Бір сөзбен, қай нысанды қарасақ та жұмыс қызу. Ал, сан мен сапаның өлшемі уақыт еншісінде.